Облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХVIІ сессиясы өтті. “Әділетті Қазақстан: бірлік, тұрақтылық, даму” атты жиынның шымылдығын аймақ басшысының орынбасары Сәтжан Аблалиев ашты. Ол саяси институттың ауқымды жұмысын жоғары бағалап, жаңа міндетті тілге тиек етті.
СӘТЖАН АБЛАЛИЕВ, СҚО әкімінің орынбасары:
– Халыққа бейбітшілік пен бірлік – зор құндылық екенін түсіндіру керек. Бұларсыз біздің болашағымыз жоқ. Осыны бірінші кезекте ұғынған жөн. Біз Ассамблеяның рөлін, беделін арттыру және өңірдегі тұрақтылықты одан әрі қамтамасыз ету бағытында бірлесе жұмыс істейтін боламыз.
“Бірлік бар жерде – тірлік бар” деп қазақ бекер айтпайды. Айрандай ұюымыздың арқасында өңіріміз, еліміз алға нық қадамдар жасауда. Бірлескен түрлі бастамалар да жүзеге асып жатыр. Олардың кейбірі әр ұлтты жақынырақ тануға, тіл үйренуге негізделген. Мысалы, “Қоғамдық келісімнің” жергілікті өкілдері “Қазақтану” мәдени-ағартушылық жобасын қолға алды. Қуанышымызға орай, нәтиже бар.
АЗИЗА ҚОСБЕКОВА, “Қоғамдық келісім” КММ бөлім басшысы:
– Жобаның 5 бағыты бар. Мектептің негізгі мақсаты – қоғамдық келісім мен ұлттық бірлікті қамтамасыз ету үшін қазақ халқының тарихын, салт-дәстүрін, құндылықтарын кеңінен насихаттау.
Сессияда еңбегі сіңген бірқатар жерлесіміз марапатталды. Солардың бірі – шалақындық Владимир Альберт. Азамат сегіз қырлы, бір сырлы. Ол шаруа қожалығын басқарады, Сухорабов ауылдық округінде медиатор қызметін атқарады. Туған ауылына жәрдем береді.
ВЛАДИМИР АЛЬБЕРТ, “Альберт” ШҚ басшысы, Шал ақын ауданы:
– Ауылға әрдайым көмек қолын созамыз. Қыста жолдарды қардан тазалаймыз, тұрғындарға жем-шөп әзірлейміз. Бұдан өзге де тындырған жұмыстарымыз бар. Ауылда түрлі ұлттың өкілі тұрады. Барлығы бір-бірімен тату. Жерлестерді алдаға мерекелермен құттықтаймын!
Алқалы басқосу соңында кадрлық өзгеріс орын алды. Енді Ассамблеяның облыстық филиалы төрағасының орынбасары қызметін Елена Семидоцких атқарады. Ол Владимир Витченконың орнына келді.
Байболат Култанов