Балалар

“Халықтар достығы” фестивалі

Ән, би, спорттық ойындар мен дәмді тағамдар. Осының барлығы 4-шілде күні Есіл ауданындағы “Родник” жазғы сауықтыру лагерінде орын алды. Елордамыздың 25 жылдығына орай “Халықтар достығы” фестивалі өтті. Іс-шараға аудан мектептерінен этномәдени бірлестік мүшелері келді. Шал ақын ауданы өкілдері мен Ильинка, Заградовка, Ясновка, Петровка, Чириковка ауылдық мектептерінің оқушылары қатысты.

Дастархан қазақ, өзбек, белорус, украин, орыс ұлттарының тәтті-дәмдісімен әрленді. Балалар әр ұлттың ұлттық киімін киіп, биін билеп, әнін шырқады, сонысымен келушілердің қошеметіне ие болды. Сонымен қатар, ер балалар күресіп күш сынастырды. Фестивальде барынша көңіл көтеріп, сауыққан ұл-қыздар әсерлерімен бөлісті.

Ойын-сауықтан бөлек демалушылар гүл шоқтары мен қамшы тоқу, фото жиектемелерін жасау және аквагрим бойынша шеберлік сағатына қатысты. Шара соңында балалар естелікке суретке түсті.

 

Акжунис Мухатай