Өңірімізде есту кемістігі бар жандарға қаншалықты жағдай жасалған? Оларды қандай мәселелер толғандырады? Петропавлда осы сұрақтарды талқылау мақсатында Қазақстанның саңыраулар қоғамы кездесу өткізді. Оған бірлестік басшылығымен қатар, өңіріміздегі әлеуметтік қорғау саласының өкілдері қатысты.
ҒАЛИЯ ЖӘКЕНОВА, “Қазақстан саңыраулар қоғамы” ҚБ өңірлік филиалының төрағасы:
– 3-топтағы мүгедектер де көмекке мұқтаж. Өкінішке қарай, бар назар 1,2-топтағыларға бөлініп, есту кемістігі бар жандар назардан тыс қалып жатады. Мысалы, біздің өңірімізде бұл топтағы мүгедектер тұрғын үйге кезекке тұра алмайды. Астана, Қарағанды секілді қалаларда жастарды үймен қамтамасыз ету бағдарламасы бар. Оқуын тәмамдаған жастарымыздың көпшілігі сонда кетіп жатады. Сондықтан, осындай бағдарламаны бізде де іске қосу қажет деп ойлаймын.
Людмила Ковзалованың ұлы Александр 20 жаста. Жігіт церебралды сал ауруына шалдыққан. Құлағының кемістігі бар. Нәзікжанды бауыр еті баласының спортпен шұғылданғанын қалайды. Бірақ, спорт сарайына жету қиын болып отыр.
ЛЮДМИЛА КОВЗАЛОВА, қала тұрғыны:
– Петропавлда осындай балалардың спортпен шұғылдануы үшін спорт сарайында ғана тиісті жағдай жасалған. Оның өзі қаланың арғы шетінде орналасқан. Мен күндіз-түні жұмыс істеймін. Баламды күнделікті апара алмаймын. Ал ұлым өздігінен автобусқа мініп, ұзақ жол жүре алмайды. Қаланың өзге аудандарында да осындай спорт сарайы ашылса деймін.
Мүгедектер арасында жұмыспен қамту мәселесі де өзекті. Туғанынан дімкәс жандар екі қолға бір күрек тауып, еңбек еткісі келеді. Жалпы, облыста
900-ге жуық адам есту қабілетінен айырылған. Ал, балалармен қосқандағы қалалықтардың саны 400-ден асады. Қазіргі таңда оның 100-ден астамы жұмыс істейді. Көпшілігі аспаз, кондитер болып немесе наубайханада еңбек етеді.
Аснурия Абдула