Қоғам

Бала қауіпсіздігі – басты назарда

Соңғы уақытта елімізде балалардың терезеден құлау жағдайлары жиілеп кетті. Ал жуырда Астанада 3 жасар бала 17-ші қабаттан құлап, қаза тапты. Бұл жыл басынан тіркелген бірінші оқиға емес. Мамандар статистикаға қарап алаңдаулы. Солтүстікқазақстандықтар өңірде осындай қайғылы жайттың алдын алу мақсатында нәтижелі жұмыс атқарып жатыр. Мамандар профилактикалық жұмысты Сүтішев көшесінен бастады. Ольга Корнева – 6 баланың анасы. Балаларының үшеуі мектеп жасына дейінгі жаста. Отбасы 3-ші қабатта тұрады. Мамандар бүгін Корневтердің үйіне келіп, терезелеріне тегін құлпы бар тұтқа орнатып берді.

ОЛЬГА КОРНЕВА, қала тұрғыны:

– Декреттік демалыстамын. Балаларым кішкентай. Көп ойнап, көп жүгіреді. Терезеге мінбеңдер деп атып отырамын. Үлкен балам 14-те. Ол кішкентайларды қарауға көмектеседі. ТЖБ мамандары кілті бар тұтқа орнатып берді. Қамқорлықтарына ризашылығымды білдіремін.

Құтқарушылар тұрғындарға москит торлары баланың салмағын көтере алмайтынын еске салады. Балалар торды қорғаныс ретінде қабылдап, оған сүйеніп тұрады. Сол сәтте бүлдіршін құлап кетуі мүмкін. Баланың қауіпсіздігі үшін терезеге құлпы бар тұтқа орнату қажет дейді мамандар.

САЯН АХМЕТЖАНОВ, қалалық ТЖБ аға инженері:

– Көпбалалы тұратын үйлердің терезесіне тұтқа орнаттық. Оны тек ата-аналар ғана ашып, жаба алады. Балаларды терезеден құлаудан сақтайды. Біз бұны көпбалалы отбасылардың үйіне ғана қоямыз. Тізімді әкімдіктен алдық.

Мамандар бүгін 4 пәтерге барып құлпы бар тұтқа орнатпақ. Бұл жұмыс жалғасын табады.

 

Гульден Симбаева