Қызылжар ауданында жұлдызқұрт жайлады. Тіршілік иелері мал азығына ортақтасып, айналасын жайпап жеуде. Зиянкестерді осыдан бір жұма бұрын алғашқылардың бірі болып Наталья Кеселева байқаған. Большая Малышка ауылының тұрғыны құс жемі салынған қапшықты мекендеген құрттардың саны көп болды дейді.
НАТАЛЬЯ КЕСЕЛЕВА, Большая Малышка ауылының тұрғыны, Қызылжар ауданы:
– Бүгін жағдай ушықты. Құрттардың саны одан бетер артты. Олар бау-бақша, картоп салынған алқапта өріп жүр. Көршімнің аумағына да кіріп үлгерді. Бүгін әкімдікке бардым. Ондағылар арнайы у береміз деп айтты. Ал улау ісін өзімізге жүктеді.
Наталья Кеселеваның көршісі Вера Эленберг те орын алып отырған жағдайға қарап дабыл қағуда. Нәзікжанды күтіп-баптаған бау-бақшам бүлінеді деп алаңдауда.
ВЕРА ЭЛЕНБЕРГ, Большая Малышка ауылының тұрғыны, Қызылжар ауданы:
– 20 соттық жерге картоп ектік. Жыл сайын өзімізге, туыстар мен малға деп өсіреміз. Қазір баққа қауіп төніп тұр.
Жұлдызқұртты Серікбай Кәкенов та күнде көреді. Азаматтың сөзінше жәндіктер таңғы уақытта аса белсенді көрінеді.
СЕРІКБАЙ КӘКЕНОВ, Большая Малышка ауылының тұрғыны, Қызылжар ауданы:
– Таңертең мал айдап келе жатқанда құрттар жолдан өтіп жатады. Көп өздері. Көк шөпті жейді. Бақшаға кірсе бүкіл еңбек зая кетеді. Бір шара қолдану қажет.
Ал Мария Кеселова құрттармен күресті бастап кетіпті. Күні кеше нәзікжанды өз аумағындағы тіршілік иелерін улапты.
МАРИЯ КЕСЕЛЕВА, Большая Малышка ауылының тұрғыны, Қызылжар ауданы:
– Улайтын дәріні дүкендегі сатушы берді. Оны 3 күн бұрын алдым. Бүгін тағы алып қойдым. Қажет болған жағдайда тағы улаймын.
Мұндай жағдаймен Қызылжар ауданындағы тағы бірнеше ауыл тұрғындары бетпе-бет келіп отыр. Ол жайлы жергілікті әкімдік те хабардар.
МҰРАТ ӘМІРОВ, республикалық фитосанитарлық диагностика мен болжамдар әдістемелік орталығы СҚО Қызылжар аудандық филиалының басшысы:
– Соколовкада болдық. Жергілікті шаруа ауыл маңынан жалға жер алыпты. Оны қоршаған, бірақ ешқандай іске жаратпаған. Жұлдызқұрттар ол жерде болып, көк шөпті жеп, кейін ауылға тараған. Вагулинода да сондай жағдай. Әкімдік тұрғындарды үй маңындағы шөпті шабуды сұрайды. Бұл -құрттармен күрестің бірден бір жолы. Шөп болмаса, құрттар да ол жерге келмейді. Шаруашылықтарда мұндай мәселе туындамайды. Олар улау жұмыстарын жүргізген.
Мұрат Әміров құрттарды улау жұмысын әр тұрғын өз аумағында жүргізу керек деді. Ол үшін арнайы дәрінің 1 миллилитрін 2,5 литрге езіп, айналаға бүрку керек екен. Шаруаға М.Жұмабаев ауданының тұрғындары да кірісулері қажет. Бірақ, алаңдауға еш себеп жоқ. Құрттардың қатары сиреп келеді. Жоғарыда айтылған тиісті іс тыңдырылса жәндіктер қауіп төндіре алмайды.
Алдияр Айтпаев