Қоғам

“Жастар тәжірибесі” бағдарламасының жастарға берері

Альбина Құрманбаева – жас маман. Айыртау ауданындағы Саумалкөл ауылында орналасқан агротехникалық колледжде өндірістік оқыту шебері болып жұмыс істейді. Студенттерге тәлім беріп жүргеніне жарты жыл болыпты. Кезінде өзі де осы мекемеде білім алған. Кейін Көкшетауда арнайы курстан өтіпті. Колледжге Альбина «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы аясында жұмысқа орналасқан.

АЛЬБИНА ҚҰРМАНБАЕВА, Саумалкөл агротехникалық колледжінің өндірістік оқыту шебері, Айыртау ауданы:

– Осында «Жастар тәжірибесі» бағдарламасымен 2022 жылы келдім. Технолог маманның көмекшісі болдым. 4 айдан кейін жұмысқа алды. Баспанамен қамтылдым. Ай сайын жалдау ақысын төлеп тұрамын. Өзіме осында жұмыс істеген ыңғайлы, бәрін танимын.

Әріптестері Альбина Құрманбаева білімді, білікті және жауапкершілігі мол маман дейді.

ОЛЬГА ОБОРЕНКО, Саумалкөл агротехникалық колледжі директорының орынбасары, Айыртау ауданы:

– Альбина студенттік шағында өзін жақсы жағынан көрсетті.
Түрлі додаларға қатысып, колледжіміздің намысын қорғады. Балалар да Альбина Асылбекқызына жақын, сабағына қуана барады.

“Жастар тәжірибесі” бағдарламасының жастарға берері мол.
Қолында дипломы бар маман жоба аясында 1 жылға дейін тәжірибе жинақтайды. Оның өзі төленеді. Кейін сол жерде жұмысқа қалуына болады. Бағдарламаға қатысушылар ай сайын 30 АЕК – 103 жарым мың теңге көлемінде жалақы алады.

НҰРБОЛАТ ҒАЛЫМОВ, Айыртау ауданы жұмыспен қамту орталығының директоры:

– Биыл план бойынша 65 адамды «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы аясында жұмысқа орналастыру. Қазіргі уақытта 18-і жұмыс істеп жатыр. Қалғандары шілде айында диплом алады, кейін оларды бағдарламамен тәжірибеден өтуге жібереміз. Бізде ауданда мемлекеттік қызметке, серіктестіктерге, кім қандай мамандық бойынша оқыды сол бойынша жұмысқа орналастырамыз.

Оған қоса, жас маманның үйі жоқ болса, бағдарлама аясында жалдамалы баспана беріледі. Биыл 10 жасқа осындай қолдау көрсетілген.

НҰРБОЛАТ ҒАЛЫМОВ, Айыртау ауданының жұмыспен қамту орталығының директоры:

– “Жастар тәжірибесінен” өткен жастардың үйі болмаса, ауданда 45 пәтерлі жатақхана бар. Жастар бізге келіп өтінім жазады, баспаналары жоқтарға жатақханадан бөлме береміз. 10 жылға дейін беріледі. Келісім бойынша олар жалдау ақысын төлейді. 10 жылдың ішінде олар өздерінің баспаналарын сатып алады.

Жалпы статистикаға келетін болсақ, былтыр ауданда «Жастар тәжірибесі» бағдарламасымен 36 жас практикадан өтті. Оның 18-і жұмысқа орналастырылды.

 

Самал Жунусова