Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында Табиғи монополияларды реттеу комитеті СҚО бойынша департаментінің басшысы Дамир Тоқтамысов бой көрсетті. Ол алдымен 6 айда атқарылған істі жіпке тізді. Мемлекеттік мекеме бірнеше бағытта жұмыс жүргізеді. Соның бірі – тұтынушылардың арыз-шағымын қабылдау, туындаған мәселені біржақты ету. Естеріңізде болар, өткен жылдың соңында қаламыздағы көпқабатты үйлердің астында орналасқан сауда, тамақтану және қызмет көрсету орындарының иелеріне жылу төлемі бірнеше есе жоғары түбіртек келді. “Севказэнергосбыт” серіктестігінің шешіміне наразылық танытқан бизнесмендердің базынасы жер-жерде қаралды. Соңында сотқа жолданды.
ДАМИР ТОҚТАМЫСОВ, ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу комитеті СҚО бойынша департаментінің басшысы:
– СҚО мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына жүгіндік. Сот арызды қанағаттандырды. Сәйкесінше, 1250 заңды тұлғаға 96 млн теңге кері қайтарылатын болады.
Атқарылған жұмыс айтылғасын Дамир Тоқтамысов екінші тақырыпқа көшті. Қазір Қазақстанда “Тарифті инвестицияға айырбастау” бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. Бастаманың саясаты қарапайым: компаниялар коммуналдық қызмет үшін төлемді арттырып, қаржы қорын ұлғайтады. Болашақта ол ақша желілердің тозуын төмендетуге, құрал-жабдықты жаңғыртуға жұмсалады. Яғни, түбінде сапа жақсарады.
ДАМИР ТОҚТАМЫСОВ, ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу комитеті СҚО бойынша департаментінің басшысы:
– Бағдарлама өндірісте жұмыс істейтін адамдардың жалақысын арттыруды да көздейді. Бұл кадрларды ұстап қалуға әсер етеді.
Аз қамтылған отбасыларға “Тұрғын үй көмегі” көрсетілетіні белгілі. Бұл өтемақы белгілі бір пайыз бойынша рәсімделеді. Биыл департамент жергілікті атқарушы органға ұсыныс жолдап, шығындардың шекті рұқсат етілген деңгейін 5 пайызға түсіруді сұрапты.
ДАМИР ТОҚТАМЫСОВ, ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу комитеті СҚО бойынша департаментінің басшысы:
– Ғ.Мүсірепов, Жұмабаев және Тайынша аудандарының мәслихаты ұсынысты қабылдады. Нәтижесінде “Тұрғын үй көмегі” 5 пайызбен рәсімделетін болды. Біріншіден, мұндай өзгеріс жәрдемақы көлемін ұлғайтады. Екіншіден, оған үміткер адамдардың санын арттырады.
Дамир Тоқтамысовтың сөзінше, бұл бағыттағы жұмыс жалғасады. Жақын арада өңірдің басқа да аудандары осындай өзгеріске көшпек.
Байболат Култанов