Экология

Шал ақын ауданында тыңайтқыш төгілген жер қалай қалыпқа келтіріледі?

Жуырда әлеуметтік желіде тараған мына бейнеоролик солтүстікқазақстандықтардың наразылығын тудырды. Видеоны Шал ақын ауданындағы Афанасьевка ауылының тұрғындары түсіріп алған.
Орманды жерге “Асыл Farms” серіктестігіне тиесілі резервуарлардан химиялық сұйықтық аққан. Бұл факті бойынша облыстық экология департаментінің мамандары арнайы тексеріс жүргізді.

АЗАМАТ БЕКТАСОВ, СҚО бойынша экология департаментінің басшысы:

– Афанасьевка ауылындағы площадкаға бардық. Онда үлкен резервуарлар анықталды. Солардың біреуінен кран ашылып, ішінен минералды тынайтқыштар төгілген. Төгілу барысында площадкадағы жер учаскесі зардап шеккен. Бізбен барған басқа зертхана мамандары 7 сынама алды. 5-еуі зардап шеккен учаскеден, қалған 2-еуі фондық.

Төгілген зат минералды тыңайтқыш болып шықты. Бірақ, құрамында азот көп болғандықтан ағаштар қатты термиялық күйік алған. Зақым келген аумақ 50 шаршы метрге жуықтайды.

АЗАМАТ БЕКТАСОВ, СҚО бойынша экология департаментінің басшысы:

– Салыстырмаға келетін болсақ, азот тынайтқыштарының асыру фактісі анықталды. Әр түрлі протоколдарға сәйкес 1-ден бастап 133-ке дейін жоғарылау байқалады. Бұл жайлы біз кәсіпорынға 2 айыппұл салдық 1 млн 121 мыңнан астам.

Қазіргі уақытта кәсіпорын мамандары ремедиация бағдарламасын жасап жатыр. Ол экология департаментінде мақұлдан соң, кінәлілер термиялық күйік шалған аумақты қалыпқа келтірулері керек.

АЗАМАТ БЕКТАСОВ, СҚО бойынша экология департаментінің басшысы:

– Ол бағдарламада әр түрлі шаралар, мерзімдер бар. Сол мерзімдерге сәйкес олар жұмыстарын жасайды. Мысалы, жер учаскесін түрлі реагенттермен қалыпқа келтіре алмаса, учаскені қазып, утилизацияға жіберіп, жаңа жер әкелінеді. Кейін ағаш-шөптер отырғызылады.

Қалыпқа келтірілген аумақ қайтадан тексеріледі.

 

Самал Жунусова