Бұл – Петропавлдағы кәсіптік даярлау және сервис колледжі. Мұнда кәсіпкер палатасының өкілдері “Мен кәсіпкермін” жобасы аясында тігін саласы бойынша тегін курс өткізіп жатыр. Маусымның 30-ы басталған оқуға 20-ға жуық қыз-келіншек қатысуда. Таңғы 8-ден түскі 1-ге дейін қызу оқыту процесі жүреді. Бірі матаның ұзындығын өлшеп, пішіп жатса, енді бірі дұрыс түйме қадауды үйреніп әлек. Ісмерлер тігіншіліктің қыр-сырын жан-жақты меңгеріп жатыр.
ӘСЕЛ САМАРАТОВА, СҚО кәсіпкерлер палатасының бөлім басшысы:
– Оқу ұзақтығы 30 күнге созылады. Күн сайын – бірінші теория сосын практикалық сабақ өтеді. Жалпы, оқыту курстарына ниеті бар кез келген нәзікжанды қатыса алады. Жалпы, осы жылы бүкіл сала бойынша 100-ге жуық адамға дәріс беруді жоспарлап отырмыз.
Курсқа қатысушылардың бірі – Нұржамал Әбенова. Нәзікжанды іс тігуге бала күнінен бейім болған. Сүйікті ісін кәсіпке айналдырған іскер ханымның бүгінде өз ательесі бар. Білімін мен біліктілігін одан әрі толықтыру мақсатында курсқа қатысуды жөн көрген екен.
НҰРЖАМАЛ ӘБЕНОВА, қала тұрғыны:
– Жіптің түр-түрін біліп жатырмын. Қандай матаның адам денсаулығына зиян екенінен де хабардар болдық. “Білгенің бір тоғыз, білмегенің тоқсан тоғыз”-, дейді ғой. Әрине, әлі де үйренетін, оқып-тоқитын дүниеміз көп.
Іскер нәзікжанды мұнымен тоқтап қалмақ емес. Ұлттық құндылығымызбен қатар мемлекеттік тілдің де дамуына үлес қосқысы келеді. Себебі, тігін машинасы бұзылып, қиналған кезде желіден қазақтілді материал таппаған екен. Сондықтан, инстаграмда қазақша контент жүргізіп, үлкен аудитория жинағы келеді.
НҰРЖАМАЛ ӘБЕНОВА, қала тұрғыны:
– Осы біліміммен деңгейімді өсіріп, елге қызмет етсем, ательеме қызметкер алсам деймін. Солайша, біраз адамды, жанұяны жұмыспен қамтамасыз етсем нұр үстіне нұр болар еді.
Алдағы уақытта визажист, барбер, smm-менеджер бағыттары бойынша да тегін курс өткізіледі. Астана қаласынан білікті мамандарды да шақыру жоспарда бар. Оқу аяқталған соң қатысушылар жұмысқа тұруға жарамды сертификат алады.
Аснурия Абдула