Аудан депутаттары жаңа әкімнің кандидатурасын бірауыздан қолдады. Руслан Аңбаев 1978 жылы туған. М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін «Экономист» мамандығы бойынша бітірген. Осы жылдар ішінде аға салық инспекторы, салық басқармасының бастығы, Солтүстік Қазақстан облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары қызметтерін атқарған және бірнеше ауданның әкімі болған.
РУСЛАН АҢБАЕВ, Ғ.Мүсірепов ауданының әкімі:
Құрметті Айдарбек Сейпілұлы, құрметті депутаттар, облысымыздағы ғана емес, бүкіл республикадағы ең ірі астықты өңірлердің біріне жетекші етіп тағайындағандарыңыз үшін көп рахмет. Сіздің алдыма қойған міндеттеріңізді орындау үшін, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуын көтеру үшін бар күш-жігерімді саламын. Сенімдеріңізге рахмет.
Ғабит Мүсірепов ауданы – еліміздегі дәнді дақыл өндіретін ірі аудандардың бірі. 2023 жылдың 5 айында аудандағы ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемі 76 млрд теңгені құраған. Жиында сөз сөйлеген аймақ басшысы Айдарбек Сапаров жаңа әкімге бірқатар нақты тапсырма жүктеді. Атап айтқанда, жол жөндеу жұмыстарын жалғастырып, мал шаруашылығын дамытуға қолдау көрсету қажет екенін тілге тиек етті.
АЙДАРБЕК САПАРОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Ауданда кәріз желілері мен тазарту құрылыстарын салу жобасы аяқталып жатыр, осының бәрін қысқа мерзімде аяқтауды тапсырамын. Біз қазір Сергеевкаға, Николаевкаға 50 км жол жүрдік. Егер үнемдеу болса, биыл осы жолдар жөнделеді. Келесі жылы да бұл жұмысты жалғастыру жоспарда бар.
Айта кетейік, Ғ.Мүсірепов ауданының бұрыңғы әкімі Серік Мұхамедиев енді облыс орталығын басқарады.
Алдияр Айтпаев