Мәдениет

Астана мен Петропавл күніне арналған шаралар

6-шы шілде – Астана, ал 9-ы – Петропавл күні. Осыған орай облыс орталығында ауқымды мерекелік шара өтеді. Халықаралық “Qyzyljar Music Fest” атты фестиваль бірнеше күнге созылмақ. Бұл жайлы мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Досбол Әбдірейісов мәлім етті.

ДОСБОЛ ӘБДІРЕЙІСОВ, СҚО мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы:

– 5-ші шілде – этно-фольклор күні. Думанға Хакасидан, Моңғолиядан және ШҚО-дан келетін қонақтарымыз ортақтасады. Сонымен қатар, аса танымал астаналық “Тұран” этно-фольклорлық ансамблі де өнер көрсетеді.

Мереке 6-шы шілдеде қыза түседі. Дәл Астана күні түсте шаһардың басты алаңында салтанатты шара ұйымдастырылмақ. Ал 20:00 де фестиваль өз жалғасын табады. Бұл кеште отандық эстрада жұлдыздары ән салмақ.

ДОСБОЛ ӘБДІРЕЙІСОВ, СҚО мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы:

– Әміре мен Кенжібек Нұрдолдай өнер көрсетеді. Сонымен қатар, мереке күндері жұртшылыққа Ақан сері атындағы облыстық филармония мен жергілікті өзге де ұжымдардың өкілдері көтеріңкі көңіл-күй сыйлайды.

Қалған күндерге де кесте бекітілген. Италияндық, ресейлік және жергілікті өнерпаздардың қатысуымен өтетін шаралармен бейінді басқарманың әлеуметтік желілердегі парақшалары арқылы танысуға болады.

ДОСБОЛ ӘБДІРЕЙІСОВ, СҚО мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы:

– Қалалық әкімдіктің ұйымдастыруымен “Солтүстік жұлдызы” саябағында триатлоннан жарыс өтеді. “Динамо” стадионында өзге де спорттық сайыстар ұйымдастырылады.

Брифинг соңында мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Досбол Әбдірейісов жұртшылықты мерекенің қатысушысы, көрермені болуға шақырды.

 

Байболат Култанов