Елімізде шетелдік автокөліктерді заңдастыру мерзімі аяқталды. Осыдан бірнеше күн бұрын өңірміздің тәртіп сақшылары жүргізушілер арасында жедел-алдын алу іс-шарасын өткізді. Онда олар әлі шетелдік нөмірмен жүрген көлік иелеріне заңдастыру мерзімін еске салды.
ТОБЫЛ ҚОРҒАНБАЕВ, қала тұрғыны:
– Банк арқылы легализацияға заявка тастадым. Енді өзімнің кезегімді күтіп тұрмын. Негізі, бәрі ыңғайлы әрі тез жасалды.
Түсіндіру жұмыстары шілденің 1-і мен 16-сы аралығында да өткізілетін болады. Тұрғындар шілденің 17-сінен кейін өзге елден әкелінген көліктерді заңдастырмаса немесе уақытша есепке қоймаған жағдайда жауапқа тартылуы мүмкін.
ҚАЙРАТ СЕЙІТҚҰЛОВ, СҚО ПД процессингтік орталықтың аға мемлекеттік автоинспекторы:
– Бүгінгі күні СҚО-да 8215 автокөлік заңдастырылды. Оның ішінде 145-і – конструктор. Шілденің 1-іне дейін 405 адамнан заңдастыруға өтініш қабылданды. Сондай-ақ, шет елдерде есепте тұрған және де қандай да бір шектеулер болған автокөліктерден материалдар қабылданады.
Кедергіге тап болған көлік иелері темір тұлпарларын уақытша есепке қою үшін Халыққа қызмет көрсету орталығына жүгіне алады. Қазіргі таңда осындай 100-ге жуық өтінім түскен.
Гульден Симбаева