Елімізде шілде айының бірінші жексенбісінде Ұлттық домбыра күні аталып өтеді. Дәстүрден Қызылжар жұртшылығы жаңылмады. Заманында аспапты қолынан тастамаған Ақан сері бабамыздың атындағы облыстық филармонияда күй шертіліп, ән мен жырдан шашу шашылды.
Концертте ең алдымен облыс әкімінің орынбасары Сәтжан Аблалиев сөз сөйлеп, мерекемен құттықтады. Сондай-ақ, өңіріміздегі мәдениет саласының дамуына үлес қосып жүрген бірқатар азаматты марапатады. Ортаға шыққандардың бірі – облыстық филармонияның солист-вокалшысы Біржан Есжан. Дәстүрлі әнші ұлттық киім киіп, қолына домбыра ұстап, қазақ өнерін насихаттаудан еш шаршаған емес. Бүгінде оның репертуарында 400-ге жуық ән бар екен.
БІРЖАН ЕСЖАН, Ақан сері атындағы облыстық филармонияның солист-вокалшысы:
– Маған “Аманат” партиясының атынан тамаша алғыс хат табысталды. Жәнібек Кәрменов деген ақын ағамыз айтады: “Мансапқа жетсең адал бол, қызмет қыл халқыңа. Әнін тыңда, күйін ұқ, басыңды и салтыңа”. Жалпы, Қазақстанда тұрып жатқан кез-келген азамат қай салада жұмыс істесе де, мансапқа жетсе де, әні мен күйін ұмытпауы керек. Мейлі ол прокурор болсын, мейлі спортшы болсын, маңызды емес. Төрінде домбыра тұруы керек. Оны тыңдап, ұғына білуі қажет.
Біржан Есжан ұлттық аспап туралы толғана айтты. “Неліктен қазақ пен домбыра тең ұғым?” деген сұраққа жауап берді.
БІРЖАН ЕСЖАН, Ақан сері атындағы облыстық филармонияның солист-вокалшысы:
– Қазақ халқының бар болмысы, бар мінезі осы қос ішекті домбырада тұр. Домбыра – қазақтың мұңын да, қуанышын да жырлай білген аспап. Жалпы, “қазақ деген кім?” десе домбыраны көрсетіп, тыңдау керек сияқты. Онда біздің барлық ойымыз, арманынымыз бар. Оның әуезділігі, сұлулылығы қандай болса, қазақ халқында солай деп тануымыз керек. “Қазақтың әні өлсе, жаны өледі”,- дейді. Бұл жерде ән деген сөз – өнер деген сөз. Ал, қазақтың өнері деген ол – домбыра мен қобыз. Жанымызды өлтірмей, халқымыздың жер бетінен жойылып кетпегенін қаласақ, домбыраны ұлықтағанымыз жөн.
Биыл күй атасы Құрманғазының туғанына – 200 жыл. Бабадан жеткен бекзат мұраны ұлықтап жүрген өнерпаздар – Сегіз сері атындағы қазақ халық аспаптары оркестрі. Бүгінде ұжымның құрамында 40-қа жуық музыкант бар.
ҚАЙЫРЛЫ ҒАФУРОВ, Сегіз сері атындағы қазақ халық аспаптары оркестрінің көркемдік жетекшісі:
– Домбыра күнін елімізде тегіннен-тегін белгілеген жоқ. Ол киелі аспаптардың бірі. Әр қазақтың шаңырағындағы төрде тұратын аспап болып есептеледі. Сондықтан, домбыраға үлкен мән беруіміз қажет. Ал осындай мерекелер ұлттық өнеріміздің ұлықталуына, кеңінен қанат жаюына септігін тигізеді.
Қоңыр үн естілгенде елең етпейтін қазақ жоқ. Мерекелік кеште 20-дан астам туынды орындалды. Күй мұхитынан нәр алып жүрген өнерпаз – Нариман Жолдасбек 5-ші сыныптан бері домбыра шертеді екен.
НАРИМАН ЖОЛДАСБЕК, Ақан сері атындағы облыстық филармонияның әртісі:
– Жалпы, домбырада 7 мектеп бар. Бүгін сол 7 мектептің әртүрлі бағытында өнер көрсететін боламыз. Сонымен қатар, Құрманғазы бабамыздың күйлерін орындаймыз. Сегіз сері бабамыздың күйлері болады. Сондай-ақ, өзге де әндер киелі сахнамызда шырқалатын болады. Ал, кешті Сарыарқа күйімен аяқтайтын боламыз. Себебі, Сарыарқа күйі – қазақ жерінің кеңдігін, кереметтілігін сипаттайтын бірден-бір күй.
Көрермен күйді нағыз таланттар тоғысқан сахнадан тыңдағанда ерекше әсерге бөленді. Жалпы, қазақ халқында 8 мыңға жуық ән және 5 мыңнан астам күй бар.
Аснурия Абдула