Бүгін таңғы 4.50-де Петропавлда тұрғын үй отқа оранды. Қызыл жалын Сенная көшесінде орналасқан үйлердің бірінде бас көтерген. Салдарынан үйдің иелері – 2 адам қаза тапты.
ӘДІЛ СПАЕН, СҚО ТЖД бөлім бастығы:
– Хабарламаға қалалық өрт сөндіру бөлімінің жеке құрамы жұмылдырылды. Нақтырақ айтсақ, 4 техника мен 13 құтқарушы. Қызыл жалынды сөндіру барысында бөлмелердің бірінде ер адамның денесі табылды. Құтқарушылар келер алдында көшеде өтіп бара жатып баспанаға кірген тұрғындар кіреберісте әйел адамның денесін тапты.
Өрт шалған аумақ 35 шаршы метрді құрады. Таңғы 5 жарымда өрт толығымен ауыздықталды. Баспана аумағына кіруге тыйым салынған. Қылмыстық іс қозғалды, кейін сараптама тағайындалады, өрттің шығу себебі содан кейін белгілі болады. ТЖД қызметкерлері бұл үйде профилактикалық шара аясында бірнеше рет болғанын айтады.
НАЗЫМБЕК ЕЛЕМЕСОВ, қалалық ТЖБ бастығы:
– Сәуір және мамыр айларында аулаларды тексеру жұмыстарын жүргіздік. Өрт шыққан үйде сәуірдің 11-і болдық. Иелеріне жадынама қағазын беріп, ескерту жасаған болатынбыз. Себебі, үйдің маңайындағы шөп шабылмаған, бәрі кеуіп тұрды. Пеш қауіпсіздік талаптарына сай болған жоқ.
Мамандар рейд барысында 1200 үй иесіне ескерту жазып берген. Ескертуді елемейтіндер баршылық. Жыл басынан бері Петропавлда 63 өрт тіркелді. 5 адам қаза тауып, 5-еуі жарақат алды.
Самал Жунусова