Көпке мәлім, өткен аптада Петропавлда сүт шаруашылығы өкілдерінің халықаралық форумы өтті. Екі күнге созылған басқосу арнайы турмен аяқталды. Бірінші кезекте көпшілік Қызылжар ауданындағы “Қызылжар-сүт” кешеніне барды. Ферма 3 жыл бұрын ашылған. Сыйымдылығы 720 басқа шақталған.
ОЛЖАС БЕКТАСОВ, “Қызылжар-сүт” ЖШС директоры, Қызылжар ауданы:
– Кешен құрылысы 2018 жылы басталған болатын. Бұған дейін бұл жер игерілмей, бос жатқан еді. Қаржының басым бөлігін жергілікті “Солтүстік” ӘКК” мен Агрокредиттік корпорациядан алдық. Тек 30-35% ғана өз қаржымыз. Әзірге, фермада 630 сауынды сиыр бар. Жыл соңына дейін толық қуаттылыққа шығуды жоспарлап отырмыз.
Сиырлар 3 мезгіл сауылады. Бір ірі қара тәулігіне 30 литр сүт береді. Ал жылына 7 мың тонна сүт жиналады екен. Айта кетейік, кешендегі жабдықтар күніне үш рет жуылады. Бұл мақсатқа барлығы – 100 текше метрге жуық су қажет екен. Нысанды аралап болғаннан кейін көпшілік “Иван Зенченко” серіктестігіне барды. Ферма 1400 басқа шақталған. Сиырлар төрт аймаққа бөлінген. Бұл олардың еркін жүріп-тұруына және жеткілікті қоректенуіне ықпал етеді. Малдарға жайлы жағдай жасаудың нәтижесінде сауу көрсеткіші де артқан. Бүгінде фермада 930 ірі қара сауылады. Әрбіреуі күніне 33 литр сүт береді.
НҰРГҮЛ ЖҮНІСОВА, “Иван Зенченко” ЖШС зоотехнигі, Аққайың ауданы:
– Фермада ұрықтандырушы маңызды рөл атқарады. Жынысты тұқымға көшу керек. Осылайша сиырлардан ұрғашы малды көбірек алуға болады. Оларды сауын сиыр ретінде өсіріп немесе сатуға болады.
Жалпы, форумға еліміздің түкпір-түпірінен және өзге елдерден келген 600-ге тарта адам қатысты. Барлығы да теріскейде оң жолға қойылған іске жоғары бағаларын берді.
– Сүт фермаларын дамыту жолдары. Екі күн осы жайлы көптеген ақпарат алдық. Егін жағы да бұл жақта жақсы дамыған екен.
– Алматы қаласынан форумға арнайы келдік. Өз облысымызда тауарлы-сүт фермасын салмақ ойдамыз. Жеріміз дайын. Енді тәжірибе жинап, бұл істің оң мен солын тану қалды. Сол себепті, осындай форумға қатысудамыз. Бәрі ұнады.
Қызылжарда оң жолға қойылған іс Қызылордада ақсап тұр. Аталған облыста бір ғана тауарлы-сүт фермасы бар. Ол ішкі сұраныстың тек 16%-ын жауып отыр. Қалған сүт өзге өңірлерден жеткізіледі екен. Жағдайды сәл де болсын оңалту үшін Марғұлан Кенжебаев келер жылдан бұл іске білек сыбана кіріспек. Қазір азамат тәжірибе жинау үстінде.
МАРҒҰЛАН КЕНЖЕБАЕВ, кәсіпкер, Қызылорда облысы:
– Жақсы әсердеміз. Біраз нәрсе білдік, көзбен көрдік. СҚО бұл бағытта дамып кеткен. Біздің өңірмен салыстырғанда арасы жер мен көктей. Мұнда соңғы үлгідегі жабдықтар орнатылған. Бәрі сапалы.
Теріскейдегі сүтті бағыттың тегеуріні тағы арта түспек. Қазіргі таңда 17 ферма салынып жатыр. Оның жартысы биыл іске қосылмақ.
Алдияр Айтпаев