Аптадағы маңызды жаңалықтарАуыл шаруашылығы

Сүтті мал шаруашылығын дамытуға арналған халықаралық форум мәресіне жетті

Петропавлда сүтті мал шаруашылығын дамытуға арналған халықаралық форум мәресіне жетті. 600-ден аса адамның басын қосқан шара соңында бірнеше сессия ұйымдастырылды. Соның бірінде Азиз Смағұлов сөз алды. Елордалық маман тұяқтылардағы метаболикалық аурулар мен минералды қоректендіру жайына тоқталды. 2 мәселе де өзекті. “Егер қос бағытқа тиісті көңіл бөлінсе, көл-көсір өнім алуға болады”,- дейді спикер.

АЗИЗ СМАҒҰЛОВ, «Alltech Kazakhstan» компаниясының директоры, Астана қаласы:

– Біздің компания өкілдері жануарларды қоректендірумен айналысады. Арнайы команда бар. Топ шаруашылықтарға барып, мол сүт алу үшін рацион әзірлейді. Сонымен қатар, біз органикалық микроэлементтер шығарамыз. Табиғи таза өнім бұзаулаған сиырлардың жылдам қалыпқа келуге көмектеседі. Түптеп келгенде, мал ауруларының алдын алады.

Залда білгенім бір тоғыз, білмегенім тоқсан тоғыз дейтін адамдар отыр. Олар үшін әр бағыт қызықты. Әсіресе, сүтті мал шаруашылығын мықтап қолға алғысы келетіндер мінберге шыққандарды ұйып тыңдауда. Ержан Қойгелдин форумға Абай облысынан арнайы келіпті. 600 сиыр сауып, сүт сататын азамат болашақта 1 мың басқа шақталған ферма салғысы келеді. Іскер жан жобаны теріскейліктердің тәжірибесіне сүйеніп жүзеге асырғысы келеді.

ЕРЖАН ҚОЙГЕЛДИН, “Өрнек” ЖШС директоры, Абай облысы:

– Істің басы бар. Мал әкелінді. Енді біз Үкіметтен ақша алып, жұмысқа кіріскіміз келеді. Бұл жоба 2 жыл бұрын СҚО-да бастау алды. Осындағы тәжірибені пайдаланбақшымыз.

Халықаралық “PRO Cүт. Трендтер ’23” 2-ші форумы мен “QazaqSut” 1-ші көрмесі қатысушылардың көңілінен шықты. Олар мол ақпар алғандарын айтуда.

ЕРЖАН ҚОЙГЕЛДИН, “Өрнек” ЖШС директоры, Абай облысы:

– Сессиялардың барлығында проблемалар айтылып жатыр. Жауап та бар. Білікті мамандар жиналған. Өте ризамыз.

Форум аясындағы сессия түскі 3-ке дейін жалғасты. Содан кейін 100-ден аса адам өңірдің бірнеше ауылына барып, ірі тауарлы-сүт фермаларымен танысты.

 

Байболат Култанов