ҚоғамҚұқық қорғау органдары

Президент Ішкі істер министрлігінің алқа отырысын өткізді

“Полицияға жүргізілген реформалардың нақты нәтижесі мен оң өзгерістерін халық көріп отырған жоқ”. Күні кеше елордада өткен ІІМ-нің кеңейтілген отырысында ел Президенті осылай деді. Мемлекет басшысы бірқатар мәселеге тоқталды. Тілге интернет алаяқтық пен қоғамдық қауіпсіздік тиек болды. Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі таңда көптеген отандасымыздың желіде сан соғып жатқанын атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Сондықтан құқық қорғау органдары алаяқтарға қарсы табанды күрес жүргізуге тиіс. Оларға ешқандай жеңілдік жасалмауы керек. Себебі, алаяқтардың жасаған әрекетінен халық зардап шегуде. Мысалы, жақында бір туристік компания заңға бағынатын бір топ азаматты алдап, оларды қажылыққа жіберген. Енді, кінәсіз адамдар Сауд Арабиясының полиция учаскесінде қамауда отыруға мәжбүр.

Қасым-Жомарт Тоқаевты тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесі де алаңдатып отыр. Соңғы 2 жарым жыл ішінде шаңырақ шайқалып, 300 адам қаза тапты. 1600-ден астам жан жарақат алды. Әкімшілік жауапкершілікке 37 мың заңбұзушы тартылды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Жағдайды түзеу үшін алдын алу шараларын кешенді түрде жүргізу қажет. Бұл жерде учаскелік инспекторлар шешуші рөл атқарады. Уақытылы шаралар қабылданса, отбасылық және тұрмыстық ұрыс-керіс кезінде жасалған қылмыстардың көпшілігінің алдын алуға болар еді.

Бұдан бөлек отырыста жастар арасында қылмыстың көбеюі сөз болды. Бұл ретте Президент құқыққорғаушыларға білім беру мекемелерінде профилактикалық шараларды күшейтуді тапсырды.

 

Алдияр Айтпаев