Қоғам

ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі журналистермен жүздесті

Өңірімізге жасаған жұмыс сапары аясында Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Евгений Кочетов қоғамдық қабылдау өткізді. Министрдің орынбасарымен бірнеше жерлесіміз жүздесті. Басым бөлігі – жастар. Олар өздерінің бастамаларын ортаға салды. Өз кезегінде Евнений Кочетов ұсыныстарға қатысты қолдаусөзін айтып, қағазға түртіп алды. Бұдан кейін вице-министр теріскейлік тілшілермен тілдесті.

ЕВГЕНИЙ КОЧЕТОВ, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі:

– Мемлекеттік жастар саясаты туралы заңды іске асыру үшін биылғы жылы жастарды дамыту индексі енгізілетін болады. Ол әкімдіктердің жастармен жұмыс істеу және олардың проблемаларын шешу жөніндегі тиімділігін бағалауға мүмкіндік береді.

Брифингіде жастар жайлы көп айтылды. Алдағы қыркүйекте Қазақстанда “Aqyl Battle” атты жоба бастау алады. Ол солтүстікқазақстандық қыз-жігіттер үшін аса пайдалы болмақ.

ЕВГЕНИЙ КОЧЕТОВ, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі:

– “Aqyl Battle” жобасының басты міндеті – мемлекеттік тілді дамыту. Ол міндетті түрде Солтүстік Қазақстан облысын да қамтиды. Жеңімпаздар іріктеледі. Кейін олар Астанада өтетін финалда бақ сынайды. Алдағы уақытта өзге де жобалар жүзеге асырылуы мүмкін.

Жүздесуде журналистер белсенділік танытты. Олар спикерге БАҚ-қа, азаматтық қоғам және этносаралық қатынасқа қатысты сауалдарын қойып, тұшымды жауап алды.

 

Байболат Култанов