Қуанышты әрі әсерлі сәт. Бүгін Гуманитарлық-техникалық колледжінің студенттері 3 жыл тәлім алған білім ордасымен қоштасуда. Колледж табалдырығын аттаған оқушылар енді білдей мамандық иесі атанды. Бүгінгі айтулы күннің шымылдығы түрлі ән-шашу, бимен ашылды.
Бүгін білім ордасын 8 топ, яғни 200-ден астам студент тәмамдады. Олардың бірі техник-механик болса, енді бірі – маркетолог. Есеп және аудит мамандығы бойынша 26 студент диплом алды. Солардың бірі – бухгалтер Жансұлу Жангужина. Бұрымды алдағы уақытта осы мамандық бойынша жоғары оқу орнына түсуді жоспарлап отыр.
ЖАНСҰЛУ ЖАНГУЖИНА, Гуманитарлық-техникалық колледжінің түлегі:
– Өз мамандығым бойынша көп нәрсені үйрендім. Компьютерде “1С” программасында жұмыс істеуді үйретті. Бұл – маған айтарлықтай жетістік. Емтиханды да ойдағыдай тапсырдым. Мұғалімдеріміз барынша көмектесіп дайындады.
Кез келгеннен маман даярлап шығару оңай емес. Басты еңбек оқытушынікі. Осы орайда Гуманитарлық-техникалық колледжінің оқытушысы Ақнұр Базарбекова бітіруші түлектерге ізгі тілегін жолдады.
АҚНҰР БАЗАРБЕКОВА, Гуманитарлық-техникалық колледжінің оқытушысы:
– Гуманитарлық-техникалық колледжінің түлектерінің әрбірі Қазақстанның экономикасына үлестерін қосады деп ойлаймын. Тек қана сәттілік тілеіміз. Абайдың сөзімен айтқанда “Сен де бір кірпіш дүниеге, тетігін тап та бар қалан”. Әр мамандық иесі өз мамандықтары бойынша жұмысқа орналасып, жақсы нәтижеге жете берулеріне тілектеспін.
Бітіруші түлектердің ешқайсысы мамандық таңдау бойынша қателеспеді деген сенімдеміз. Осы уақыт аралығындағы алған білімді керегіне жаратса нұр үстіне нұр болмақ.
Акжунис Мухатай