Айыртау ауданына қарасты Лобаново ауылында жаңа дәрігерлік амбулатория салынып жатыр. Нысанның құрылысы мамыр айының соңында басталған. Бұл мақсатқа облыстық бюджеттен 271 млн қаражат бөлініпті. Іспен жергілікті «ПМК-5» серіктестігі айналысуда.
САЙРАН ӘЛІБАЕВ, мердігер серіктестіктің бригадирі:
– Жертөле шаруалары істелді. Іші тегістеліп, қабырғаларын көтеріп жатырмыз. Құрылыс материалдары Астана, Алматы және Қостанайдан әкелініп жатыр.
Құрылыс жұмыстарына 7 адам жұмылдырылған. Алдағы уақытта олардың қатары толығады. 4 жарым айдан кейін Лобаново ауылдық округінің тұрғындары, яғни 2 мыңға жуық адам жаңа мекемеде қаралады. Округ әкімі Екпін Шайгузовтың айтуынша, бұрынғы дәрігерлік амбулатория әбден тозған. Оған қоса, нысан ішінде су болмапты.
ЕКПІН ШАЙГУЗОВ, Лобанов ауылдық округінің әкімі, Айыртау ауданы:
– Бұрынғы мекеме ескіріп, шіріген. Содан кейін халық жаңа нысан қашан пайда болады деп сұрай бастады. Келешкете бұл мекемеде 7 адам еңбек етеді. 1 дәрігер, 2 фельдшер, акушер және медбикелер болады.
Амблатория мамандары тұрғындарға жалға алынған басқа ғимаратта қызмет көрсетуде. Ал жаңа нысан биыл желтоқсан айында қолданысқа тапсырылады.
Самал Жунусова