Төмен жалақы, тұрғын үй мәселесі, жастар ресурстық орталықтарын қаржыландырудың жеткіліксіздігі. Бұл мәселелер Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Евгений Кочетовтың жастармен жүздесуінде талқыланды. Жиынға өңіріміздің түкпір-түкпірінен келген жастар ресурстық орталықтарының белсенділері қатысты. Бекарыс Іздібай Ақжар ауданынан келіп отыр. Оны жалақы мәселесі мазалайды.
БЕКАРЫС ІЗДІБАЙ, Ақжар ауданы жастар ресурстық орталығы директорының міндетін атқарушы:
– Жалақымызды 25-30 пайызға өсірсін деген ұсыныс айттық. Министріміз айтып өткендей, бұл сұрақ тек бізде ғана емес, жалпы республика бойынша бар. Осы мәселені шешу жөнінде Үкімет пен мемлекеттік органдармен жұмыс жасайтынын мәлімдеді. Мәселелер шешіледі деген ойдамыз.
Қазіргі таңда аудандық жастар ресурстық орталықтарының мамандары айлығымыз 80 мың теңге де болмайды дейді.
АЙНҰР ІЛИЯС, Жамбыл ауданы жастар ресурстық орталығының әдіскері:
– Ең өзекті мәселе – еңбекақы және кадр тұрақсыздығы. Біздің ұсынысымыз, осы мәселені өз бақылауыңызға алсаңыз. Ең болмағанда жалақымызды 70 пайызға көтерсе. Барлығы менімен келіседі деп ойлаймын.
Вице-министр бұл мәселе қарастырылып жатқандығын айтты.
ЕВГЕНИЙ КОЧЕТОВ, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі:
– Әрине, бұл мәселеден хабардармыз. Әкімдік, жергілікті атқарушы органдар жалақыны көтеру үшін барлығын жасап жатыр. Олар арнайы қаулы қабылдады. Осы ретте жалақы Қарағанды облысында өсті. Мұндай мәселе Қостанай облысында да бар. Бірақ, әзірге онда бюджетте ақша жоқ. Осы мәселені біз қазір қарастырып жатырмыз.
«Ауыл» партиясының облыстық филиалы жанындағы жастар қанатының төрағасы Әлфараби Мыңбай жастарды өңірге тарту мәселесін көтерді.
ӘЛФАРАБИ МЫҢБАЙ, «Ауыл» ХДПП облыстық филиалы жанындағы жастар қанатының төрағасы:
– Өңірдегі жастар Астана, Алматыға немесе көрші Ресей еліне кетіп жатыр. Бұл жердегі басты проблема – баспана мәселесі. Бұл жағынан сіздерде қандай ойларыңыз бар? Тағы 2-ші сұрағым, неге жастарға арналған республикалық, халықаралық іс-шараларын тек қана Астана, Алматы және Түркістан қалаларында өткізіледі? Неге СҚО-да өткізбейсіздер?
Вице-министр Евгений Кочетов қазіргі уақытта ауқымды іс-шаралар кестесі құрылып жатқандығын айтты.
ЕВГЕНИЙ КОЧЕТОВ, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі:
– Сұрағыңыз орынды. Біз қазір Шымкент пен Түркістан қалаларында «Қазақ-Түрік көпірі» іс-шарасын өткізейін деп жатырмыз. Түркия елінен жастарм келеді. Негізі, бұндай шараларды өзге өңірлерде де өткізу керек. Сіздермен бірлесіп ұйымдастырайық.
Ал тұрғын үй мәселесіне келсек, Евгений Кочетов қазіргі таңда әр облыстың жастарына арналған республикалық бағдарлама әзірленіп жатқандығын айтты. Сондай-ақ, ол жастарды толғандыратын мәселелерді жүйелі түрде облыстық немесе қалалық мәслихат отырыстарына шығарып отыру қажеттігін айтты.
Гульден Симбаева