САМАЛ ЖҮНІСОВА, тілші:
– Айыртау ауданындағы Дәуқара орта мектебі осыдан 44 жыл бұрын ашылған. Биыл мекеме күрделі жөндеу көрмек. 26-шы мамырда басталған жұмыстардың 38 пайызы тындырылыпты. Нақтырақ айтсақ, терезелер толығымен ауыстырылып, монтаждау жұмыстары аяқталған.
Бұл – мектеп тарихындағы алғашқы күрделі жөндеу жұмысы. Тозыңқырап қалған білім ұясы «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында жаңартылуда. Оған облыстық бюджеттен 135 млн қаржы бөлінген. Іске жергілікті «Гранд Строй Сервис» серіктестігі жауапты.
САРМАН АСМАНОВ, «Гранд Строй Сервис» ЖШС бригадирі:
– 10 шақты адам қазір 1 қабаттағы жұмыстарды бітіріп, 2-ші қабатқа көшейін деп жатыр. Бұдан ары қарай еден, есіктер ауыстырылады. Жылу жүйелері алынып тасталды. Әр түрлі жұмыстар рет-ретімен бастала береді.
Кестеден қалу байқалмайды дейді мамандар. Мектеп директоры Алмагүл Сердалина жұмыстың сапасына тоқталды.
АЛМАГҮЛ СЕРДАЛИНА, Дәуқара орта мектебінің директоры, Айыртау ауданы:
– Құрылысқа арналған материалдар уақытылы әкелінеді. Жұмыс сапалы, жақсы қарқынмен жүріп жатыр. Технадзор жиі келіп, ескертулер болса айтады. Жұмысшылар осы ескертулерді уақытылы түзейді. Енді 1-ші қыркүйкке дейін мектебіміз күрделі жөндеуден өтіп, жұмыстар аяқталатынына сенімдімін.
Алмагүл Сердалинаның айтуынша, қыс мезгілінде мектеп іші суып кетеді. Тіпті, спорт залда температура 10 градусқа дейін төмендейді екен.
АЛМАГҮЛ СЕРДАЛИНА, Дәуқара орта мектебінің директоры, Айыртау ауданы:
– Жылу жағынан кемшіліктер болды. Мектеп іші салқындау болды. Себебі, терезелер шіріген. Алдымыздағы оқу жылында бұл кемшіліктер жойылады. Жылыту жүйесі толығымен ауыстырылады.
Жөндеу жұмыстары аяқталған соң, мектеп ішінде жиһаз ауыстырылады. Жаңа оқу жылына білім ұясы 60 оқушыны қабылдамақ. Оларға 25 маман тәлім береді.
Самал Жунусова