Қоғам

Өңірге оңтүстікте қыстаған 7 мың ара жанұясы жеткізілді

АЛДИЯР АЙТПАЕВ, тілші:

– Теріскейдің балы елімізде сұранысқа ие. Жәрмеңкеде жұртшылық өнімді таласа алып жатады. Жалпы, дәрумені мол балды жинау жұмысы оңай емес. Қыс бойы аралар күтіледі, ал жазда алқаптарда жайылады.

Биыл оңтүстікте қыстаған аралардың 700 мың жанұясы солтүстікке жеткізіліпті. Қазіргі таңда омарташылар жолақтыларды күтумен айналысуда. Аққайың ауданындағы Лесные Поляны ауылы маңында еңбекқор аралар көптеп жайылған. Әзірге, жәндіктер дамып, алқаптарды аралап жүр. Алдағы уақытта олар тәтті беде балын жинай бастайды. Бұл өнім жоғары бағаланады. Оның дәрумені, қан-тамыр, жүрек, асқазанға пайдалы. Иммунитетті күшейтетіні тағы бар.

ОЛЕГ ГАВРИЛОВ, СҚО бойынша омарташылар қауымдастығының төрағасы:

– Жалпы, биыл шырынды өсімдіктер алқабы едәуір ұлғайыпты. Оның ішінде күнбағыс пен қарақұмық та бар. Дақыл егілген жерлер кеңейсе, омарташылық та дамиды. Жыл сайын өңір шамамен 400 тоннаға жуық бал жиналады. Аралар жүрген алқапта егін де бітік шығады. Шығымдылық 30%-ға ұлғаяды.

Беде бал жиналып болғаннан кейін аралар орын ауыстырады. Омарташылар жолақтыларды қарақұмық пен күнбағыс алқаптарына апарады. Аққайың ауданынан бөлек қазір еңбекқор жәндіктер Жамбыл ауданында да жайылып жүр екен.

ОЛЕГ ГАВРИЛОВ, СҚО бойынша омарташылар қауымдастығының төрағасы:

– Өткен жылы әр ара жанұясы 80 келі балдан берді. Оның алдыңғы жылы көрсеткіш 100 келіні құрады. Биыл бәрі ойдағыдай болса 100 келі алмақпыз. Қазіргі таңда омарташылардың көбі карник арасына басымдық беріп отыр. Себебі, оның бал жинау көрсеткіші жоғары. Өзін сабырлы ұстайды.

Оңтүстіктен әкелінген аралардан бөлек қазір алқаптарда теріскейде қыстаған 400-ге тарта ара жанұясы жүр.

 

Алдияр Айтпаев