СҚО әкімдігіАптадағы маңызды жаңалықтар

Облыс әкімі қаладағы құрылыс нысандарын аралады

Облыс әкімі Айдарбек Сапаров Петропавлдағы құрылыс алаңдарында болды. Аймақ басшысы ең алдымен жаңа «Южный» шағын ауданына барды. Аумақ жер үйлер салынатын 1 мыңға жуық учаскеден тұрады. Негізі, мұнда жарық тарту жұмыстары жүргізілуі тиіс. Іске жауапты – жергілікті “Электромонтаж” акционерлік қоғамы. Алайда, мұнда не техника да, не оны басқаратын адам да көрінбейді.
Әзірге, бағандар ғана қойылыпты. Іске жауапты компанияның жұмысын тапсырыс берушінің атынан “Технадзор” серіктестігі тексереді.

САЯН ЖАНҒОЖИН, “Технадзор” ЖШС бас сарапшысы:

– Негізі, құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізуге 30 мамырдан бастау туралы ордер бар. Әзірге, бағандар қойылды. Мердігер компанияның жұмысын тексереміз. Олар бізге құжат жүзінде қандай шаруа атқаратындықтарын көрсетеді. Біз өз тарапымыздан сол құжатты тапсырыс берушілерге көрсетіп, жұмысқа кірісеміз. Жалпы, кесте бойынша бұл жерде 143 адам жұмыс істей алады.

Мамырдың 30-ынан бері 2 аптаға жуық уақыт өтті. Осыны алға тартқан Айдарбек Сапаров жауапсыз мердігерлердің іс-әрекетіне қатысты наразылығын білдірді. Жалпы, инженерлік-коммуникациялық желі тартуға облыстық бюджеттен 2,8 млрд теңге қаражат бөлініпті. Қала әкімі Руслан Аңбаевтің айтуынша, жұмыс жоспар бойынша ағымдағы жылдың соңына дейін тындырылуы тиіс.

РУСЛАН АҢБАЕВ, Петропавл қаласының әкімі:

– Негізі, инженерлік жобаның жүзеге асырылу мерзімі – 2 жыл. Мердігерге қаржы биыл толық көлемде берілгендіктен электр желісін тарту жұмыстары ағымдағы жылы аяқталуы тиіс.

Кейін Айдарбек Сапаров «Солнечный-2» кентіне барды. Шағын аудандағы құрылыс жұмыстарына “Альфа Север” серіктестігі жауапты. Жаңа 2 мыңнан астам үй болуы тиіс аумаққа да облыстық қазынадан 6 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінген. Бүгінде 100 шақырымнан астам электр желісі, 37 қосалқы станция мен 68,2 км су құбыры тартылған. 54 шақырымға жуық жол салыныпты. Ендігі кезекте шағын ауданды аббаттандыру жұмыстары қалып отыр. Ал мына жерде Ұлттық ұлан академиясының жаңа кешенінің құрылысы жүріп жатыр. Шаруа 2020 жылдың сәуірінде басталған.

АРТУР ТОҚЫШЕВ, ҚР Ұлттық Ұлан академиясының бастығы:

– Жоба бойынша 10,8 млрд теңге бөлінді. Биыл 4,7 млрд-ын игердік. Жоспар бойынша 660 орындық казарманың құрылысы биыл аяқталуы тиіс. Ал мына жақта мәдени-демалыс орталығы салынуда. Бұл жерде 800 орындық зал мен мұражай болады.

Кешен құрылысына “ASh-stroy” серіктестігі жауапты. Казарма биыл қолданысқа тапсырылмақ, ал келесі жылы қалған нысандар, нақтырақ айтсақ, спорт залы және мәдени-демалыс орталығы пайдалануға беріледі. Әзірге, шаруаның 60 пайызы тындырылған. Өңір басшысы Уәлиханов көшесіндегі көпқабатты үйлердің маңайын аббаттандыру мен инженерлік-коммуникациялық желілерді тарту жұмыстарымен танысты. Бұл іспен “TARAZ Energy” серіктестігі айналысуда. Қала әкімі Руслан Аңбаевтың айтуынша, компания өкілдері кестеден қалыс қалып жатыр.

РУСЛАН АҢБАЕВ, Петропавл қаласының әкімі:

– “TARAZ Energy” компаниясымен келісімшартты бұзуға мәжбүрміз. Жұмыстың тұралап қалуына байланысты конкурс жариялаймыз. Өз тарапымыздан жобаға толығымен түзету енгізуге келістік. Оны бюджеттік комиссия қолдады. Алайда, көріп тұрғандарыңыздай, іс барысы бастапқы кезеңнен жылжыр емес.

ҚАЙРОЛЛА ҒАЛЕЕВ, СҚО құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы:

– Мердігер ұйым өкілдерімен осы жөнінде бірнеше рет кездесу өткіздік. Алайда, олар облыстық және қалалық әкімдіктердің қойған талаптарын ескермегенін көріп отырмыз.

Осыған ұқсас жағдай Горький көшесіндегі көпқабатты үйлерде де байқалады. Тараздық мердігердің жауапсыздығынан тұрғындар әлі күнге дейін пәтерлеріне қоныстана алмай отыр. Бейінді басқарма басшысының айтуынша, серіктестікпен жасалған келісімшарт бұзылады, кейін қайта мердігер таңдалады.

 

Самал Жунусова