Қоғам

Бірыңғай кеңес беру күні

14-ші маусым – Бірыңғай кеңес беру күні. Осыған орай петропавлдық жастар ерекше іс-шара ұйымдастырды. Олар кәсіпкерлер палатасының, жұмыспен қамту орталығының және “Отбасы банк” өкілдерін бір жерге тоғыстырып, тұрғындармен тілдестірді. Таңдалған тақырып – қыз-жігіттерді кеңес беру арқылы еңбекпен қамту. Сонымен қатар, бастама аясында баспаналы болудың мүмкіндіктері баян етілді.

СӘЛІМХАН СӘБИТОВ, қалалық мәслихаттың депутаты:

– Маған бұл мәселе бойынша біраз жас жүгінді. Қазір кейбір жастар өз мамандықтарына сай жұмыс таба алмай жүргені шындық. Біз оларға enbek.kz порталындағы жұмыстарды көрсетіп, көмектесуге дайынбыз.

Жастар таңдаған орын – коммуналдық базар. Мұнда халықтың қарасы қалың. Келушілердің арасында орта жастағы адамдар да болды.

СӘЛІМХАН СӘБИТОВ, қалалық мәслихаттың депутаты:

– Біз мұндай шараны бұған дейін де өткіздік. Қазақстан Конституциясы көшесінде, “Dostyq Mall”, “City Mall” орталықтарында ұйымдастырдық. Енді осы жерге келдік. Мақсатымыз – бұл жердің халқын да ақпараттындыру.

Шара барысында қатысушылар базарды аралап, келушілер мен сатушыларға мемлекеттік бағдарламалар және өз мүмкіндіктері жазылған жаднама қағаздар да таратты. Ал мына жерде ақ халатты абзал жан ниет танытқандардан қан алды. Мақсат – адам қанын иммунтапшылық вирусына тексеру.

АЛЕКСАНДР БОЙКО, ЖИТС профилактикасы және оған қарсы күрес жөніндегі облыстық орталықтың кабинет меңгерушісі:

– Өкінішке қарай, әлі әлемде адамның иммунтапшылық вирусына қарсы ем жоқ. Бірақ, ауруды асқындырмай, бір деңгейде ұстауға болады. Ол үшін науқас біз ұсынған дәрілерді ішуі қажет. Сонда ұзақ өмір сүре алады. Осыны шара барысында тұрғындар арасында айтып жатырмыз. Келушілер бар.

14-ші маусым – Бірыңғай кеңес беру күні аясында белсенді жастар бірнеше сала өкілі шақырылған шараны қаламыздың өзге де сауда орындарында өткізді.

 

Байболат Култанов