Жұмабаевтар отбасы Жамбыл ауданындағы Айымжан ауылына 2021 жылы Түркістан облысынан көшіп келген. Үй беріліпті, жұмысқа орналасқан – бір сөзбен айтқанда осы жерде тұрақтап қалды. Отағасы Әбілқайыр Жұмабаев мектепте тарих пәнінің мұғалімі болып еңбек етеді. Зайыбы Закира Хайдаулова химия-биология пәнінен сабақ береді. Ерлі-зайыптының 5 баласы бар. Үлкені 16-да, кенжесі 4 жаста.
ӘБІЛҚАЙЫР ЖҰМАБАЕВ, Айымжан ауылының тұрғыны, Жамбыл ауданы:
– Мемлекет осы үйді ұсынды. Жылы еденді өзіміз салдық. “Еңбек” бағдарламасымен 2018 жылы танысқан болатынмын. Теріскей жақта адам аз деген ой толғандырып жүрді. Сосын 2021 жылы тамыз айында көшуге шешім қабылдадық. Түркістан облысында педагогика қызметімен айналыстым.
Ерлі-зайыптының тұңғышы Жәнібек Жанысбек биыл 10-шы сыныпты тәмамдады. Әрине, өзге өңірге үйренісіп кету оңай емес. Бірақ, жасөспірім сыныптастарымен, көршілерімен бірден тіл табысқан. Мұғалімдермен де жақсы қарым-қатынаста.
ЖӘНІБЕК ЖАНЫСБЕК, Айымжан ауылының тұрғыны, Жамбыл ауданы:
– Мектепке жақсы үйреніп кеттім. Достар таптым. Балалармен жақсы араласамын. Осы ауылдағы ең жақын досым біз сияқты көшіп келген. Ауылда үйірмелер жоқ, бірақ, кешке қарай балалармен футбол, волейбол ойнаймыз.
Айымжан ауылына “Еңбек” бағдарламасы арқылы 2017 жылдан бері 10-ға жуық отбасы көшіп келген. Бәрі осында. Жалпы, елді мекенде 70 шақты үй түтін түтетіп отыр.
Гульден Симбаева