Мәдениет

“Алаштың жарық жұлдызы” атты әдеби кеш өтті

Ғ.Мүсірепов атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасында “Алаштың жарық жұлдызы” атты әдеби кеш өтті. Шара М.Жұмабаевтың 130 жылдығына арналды.

Кеш төрінен қадірлі қонақтар орын алды. Солардың бірі – Дулат Бекенов. Ол- М.Жұмабаевтың немері інісі, асылдың тұяғы.

ДУЛАТ БЕКЕНОВ, М.Жұмабаевтың немері інісі:

– “Мағжанның өлеңдерін оқығанда декламациямен оқу керек”, – дейді Мағжанның шәкірті Хамза Абдуллин. Мысалы, “Тұран”, “Отпын” деген өлеңдерін міндетті түрде екпінмен оқимыз. Ол Шыңғысхан туралы, Ақсақ Темір туралы жазған. Түркі елін жырлап, көтеріп кеткен. Қазір жаңадан кітаптары шығып жатыр. 100 жылдығы да тойланды. Мағжан “Мен жастарға сенемін” деп жырлап кеткен. Сол себепті, балаларды патриоттыққа тәрбиелеу керек.

Шара барысында таланттар Алаш арысының өлеңдерін нақышына келтіріп оқыды. Диас Аяған – жас ақын. Болашағынан зор үміт күттіретін дарын иесінің бүгінде кітап толарлықтай туындылары бар. Әдеби кеште 1 күнде жазылған 7 шумақ арнауын тарту етті.

ДИАС АЯҒАН, М.Қозыбаев атындағы СҚУ студенті:

– Мен жастайымнан Мағжанның жырын жаттап, шығармашылығына қанығып өстім. Өмірі жайлы деректерді оқып, біліп-өскеннен кейін өз арнауымды шығардым. Бұл шығармамда ақынның қасіретті тағдыры, ұлт жолында құрбан болғандығы жайлы жырладым. Мағжанды мен ғана емес, күллі Алаш ақындары пір тұтады. Қазақ поэзиясындағы ақындардың барлығы Алаш арысын оқып, танып өскен. Менің ойымша, Мағжан шығармашылығы бүгінде өзім сияқты жастарға аса қажет. Өлеңдерінің әр жолы жастардың әнұранына айналуы тиіс.

Қазіргі таңда балалар мен жасөспірімдер кітапханасында “Мағжан өлеңдерінің әуендері” атты марафон ұйымдастырылуда. Оқырман ай сайын ақын өлеңдерін мәнерлеп оқитын болады. Ұлттық бөлімнің меңгерушісі Гүлмира Сағындықова алдағы жоспарларымен бөлісті.

ГҮЛМИРА САҒЫНДЫҚОВА, Ғ.Мүсірепов атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасының бөлім меңгерушісі:

– Біз М.Жұмабаев атындағы IT лицей-колледжінің студенттерімен және М.Қозыбаев атындағы СҚУ-дың студенттерімен бірге жұмыс істегіміз келіп отыр. Бұл – Жарасбай Сүлейменовтің ұсынысы. Ол кісі М.Жұмабаев журналының бас редакторы болғандықтан баспаға еңбектерін шығармақшы. Оған студенттердің тікелей аудиториясы қажет болып тұр. Ж.Сүлейменов жастардың ақынды қаншалықты білетінін, зерттейтінін біліп, пікір алыспақшы.

Ақынның ұлылығы ұлықталған әдеби кешке 40-қа жуық адам қатысты.

 

Аснурия Абдула