Түркітілдес журналистер қорының ұйымдастыруымен Қазақстан және басқа да елдердің журналистері үшін Түркияның Стамбул, Сакарья және Болу қалаларына
баспасөз турын ұйымдастырды. Шараға әріптестеріміз – облыстық «Qyzyljar» телеарнасының журналистері қатысып, бауырлас елдің тарихы, мәдениеті, туризмі және тыныс-тіршілігімен танысып қайтты. Журналистер ең алдымен Сұлтанахмет мешітіне барды. Бүгінде Түркияның символына айналған, әлемнің сәулет өнеріндегі ұлы туындылардың бірі – бұл мешіт ЮНЕСКО-ның мұралар қорына енгізілген. Безендірілген тастарының түсіне байланысты халық арасында «көк мешіт» деп аталып кеткен. Алты мұнарасы алыстан мен мұндалайды, ерекше элементтерінің бірі – михраб, мінәжат ететін орын мәрмәрдан соғылған екен. Михрабқа Меккеден әкелінген қара тас қойылған. Жалпы, мұнда бір уақытта 35 мың адам дұға ете алады.
Туристер ең көп баратын екінші тарихи ескерткіш – Айя София мешіті. Азия мен Еуропаның тоғысқан жерінде орналасқан бұл нысан тарихқа бай. Рим императоры Константин І іргесін қалаған ғибадатхана бірнеше рет өртелген. Кейін Юстиниан І христиандардың соборын қайта салғызады. 1453 жылы Осман империясы Константинопольды жаулап алған соң София соборы мешітке айналған. Ғимаратқа 4 мұнара салынып, 1931 жылға дейін 500 жыл мешіт ретінде жұмыс істеді. Кейін 4 жылға жабылып, 1935 жылы Мұстафа Кемал Ататүріктің шешімімен музейге айналады. 1985 жылы ЮНЕСКО-ның әлемдік мұра тізіміне енді. Тек 2020 жылы ғана оған мешіт мәртебесі қайтарылған екен.
Түркия – теңізге бай мемлекет, солтүстігінде – Қара теңіз бен Мәрмәр теңізі, батысында – Эгей теңізі, ал оңтүстігінде Жерорта теңізі жатыр. Мәрмәр теңізінің атауы ақ мәрмәр өндірілген аралға байланысты пайда болған. Бір ерекшелігі – суы қатпайды. Бұл теңіз арқылы Қара теңізден Жерорта теңізіне өте маңызды су жолдары өтеді, ал жағалауында Стамбул және Измир қалалары және көптеген курорттар орын тепкен.
Тараклы – Түркияның Сакарья қаласында орналасқан ерекше қалашық. Оның басқа елді мекендерден өзгешелігі – тарихында, 13-ші ғасырда түрік-селжұқтар осы жерді басып алғаннан кейін әсем табиғатына қызығып, қоныстанып қалған екен. Шетелдік туристер Осман кезеңіне жататын сәулет өнерімен, тарихи құрылыстармен, қолөнермен таныса алады. Жергілікті тұрғындар негізінен қасық және тарақ жасайды, Тараклы атауы да осыдан пайда болған екен. Мұнда 100-ден астам нысан мәдени құндылық ретінде тіркелген. Тараклыдағы ең үлкен ғимарат – 1517 жылы салынған Юнус-паша мешіті. Сакарьяның қалың орманының арасында орналасқан, жасыл желекке малынған шағын ғана қалашықтың тағы бір ерекшелігі – осындағы 700 жылдық тарихы бар Платан ағашы. Тараклы елді мекені ЮНЕСКО әлемдік мұра тізіміне алынған.
ЕРЛАН ТОҚШЫЛЫҚ, облыстық «Qyzyljar» телеарнасының директоры:
– Түркия елі шынында да тарихи жәдігерлерге өте бай өлке екен. Мұндағы табиғаттың өзі адамға керемет әсер береді. Түркияның әрбір бұрышын көріп, әрбір тарихи жәдігерлерді көріп, көп көңілге ой түйіп бара жатырмыз. Шын мәнісінде, бүгін міне Сакарья қаласына келіп, мұндағы Сапанжа көлін тамашалап, бұның тарихына қанығып жатырмыз.
Сондай-ақ, пресс-тур барысында Түркияның солтүстік-батысындағы Болу қаласына да сапар ұйымдастырылды. Жалпы, бұл саяхаттың негізгі мақсаты – әсем елдің көрікті жерлерін аралап, тарихына қанығу, журналистерді елдің мәдениеті, туризмі мен тыныс-тіршілігімен таныстыру.
Самал Жунусова