БалаларБілім

Петропавлда балаларға арналған “Жазғы академия” лагері ашылды

Петропавлда балаларға арналған жазғы академия өз жұмысын бастады. Бүгін лагерьге келген балалар 11 топқа бөлінді. Ал мұнда отырғандар – 4-ші топтың жеткіншектері. Олар алдымен Оқушылар сарайына экскурсия жасаған. Келесі кезекте қауіпсіздік ережесімен таныс болды. Әрине, міндетті түрде таңғы жаттығуларын да жасады. Әр топтың жетекшісі бар. Дәл қазір “Куратор сағаты” өтіп жатыр. Мұнда балғындар демалып қана қоймай, жан-жақты дамып, білімдерін арттырады. Жазғы академияға 7 және 14 жас аралығындағы балалар қабылданды. Солардың бірі – Фатима Сейдраым.

ФАТИМА СЕЙДРАЫМ:

– 5-ші сыныпты бітірдім. 6-шы сыныпқа көштім. Жасым 12-де. Мен лагерьде алғаш рет емеспін. Осы өрнек мектебінде бір жыл оқыдым. Жазғы лагерьге өз мұғаліміме жазылдым. Себебі, мен осында достарыммен ойнағым келеді, сурет салғым келеді. Бүгін бізге экскурсия көрсетті. Жаттығу жасадық.

Ал екінші топтың балалары сурет салу үстінде. Ертегі кейіпкерлерін ақ параққа бейнеледі. Түрлі түсті қаламмен әсемдеп бояды. Өз қиялдарына ерік берді.

БОГДАН ИВАНОВ:

– Мен “Қаздар мен аққулар” ертегісін салып жатырмын. Бұл ертегіні қатты ұнатамын. Үйшік, ағаш пен пеш салдым. Әрине, аққуларды да ұмытпадым.

Жазғы лагерьде барлығы – 5 маусым болады. Олар: “Арт әлемі”, “Пиксель”, “Бионик”, “Happy holidays” және “Дарын life” деп аталады. Осы орайда балалар сурет әлеміне саяхат жасайды. Сондай-ақ, түрлі ғылым бағытында сабақтар өтеді. Спорттық ойындар ойнап, эстафеталарға қатысады. Бір цикл 10 күнді құрайды.

ЛЮДМИЛА ЗАЙНУТДИНОВА, “Юнеско клубы” көркемөнер лицейі директорының орынбасары:

– Бұрын жазғы оқыту кезінде барлық бағытты қамтитынбыз. Ал, биылғы формат өзгеше. Өзгеріс енгіздік. Әр маусымды жеке бір бағытқа арнаймыз. Балалар өздеріне ұнайтын саланы таңдайды. Бұл сүйікті ісімен көбірек шұғылдануға мүмкіндік береді. Академия 2 ауысым бойынша жұмыс істейді. Бірінші ауысым таңғы сағат 9-дан 12:50-ге дейін болады. Ал, келесі ауысым түскі сағат 2-ден кешкі сағат 17:50-ге дейін. Әрине, тамақтандыру мәселесі де қарастырылған.

Бес маусымда барлығы – мыңға жуық бала қамтылады. Айта кетейік, жазғы академия жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылады.

 

Аснурия Абдула