Өңірге жұмыс сапарымен келген Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин бүгін тұрғындармен кездесті. Жиынды еліміздің бас құтқарушысы баяндамадан бастады. Жалпы, облыста жағдай тұрақты. Төтенше жағдайлар өткен жылмен салыстырғанда – 20, ал дала өрті 40%-ға азайған. Үкімет өкіліне
тұрғындар толғандырған сұрақтарын қойды. Киров зауыты азаматтық қорғаныс қызметінің маманы біліктілікті арттыру жөнінде сұрады.
– Я хотел узнать где можно пройти обучение? По повышению квалификации и по вопросу гражданской обороны.
ЮРИЙ ИЛЬИН, ҚР Төтенше жағдайлар министрі:
– Азаматтық қорғаныс бойынша оқытудан жергілікті ТЖД-інде өтуге болады. Басқарушы құрамда болсаңыз, біз сізді Алматыдағы оқыту орталығымызда оқытуға дайынбыз. Жергілікті департамент өкілдері, мұны бақылауға алып, оқытуды ұйымдастырыңыздар.
Келесі сауалда қала тұрғыны көпқабатты үйлер маңындағы тосқауылдарды тілге тиек етті. Шлагбаум атты құрылғылар қазір көптеп орнатылуда. Қала тұрғыны
оның орындылығын сұрады.
ЮРИЙ ИЛЬИН, ҚР Төтенше жағдайлар министрі:
– Бұл елімізде өткір тұрған мәселе. Оған министрлік ешқандай шектеу қоя алмайды. Бірақ, тиісті ереже бар. Құралғы КСК мен мүлік иелері бірлестігі төрағаларының келісімімен орнатылуы керек. Шлагбаум арнайы техника келген кезде автоматты түрде ашылуы керек немесе ол жерде күзетші отыруы шарт.
Министрге Оксана Сурикова да сұрағын қойды. Нәзікжанды қалада бейберекет жайылған қамыстың көптігіне шағымданды.
ОКСАНА СУРИКОВА, қала тұрғыны:
– Қаламыздың көп ауданында кеуіп тұрған қамыс бар. Халық арасында түсіндіру жұмыстары жеткілікті көлемде жүргізіліп жатыр ма? Өртті болдырмау үшін қандай шаралар қолданылуда?
ЮРИЙ ИЛЬИН, ҚР Төтенше жағдайлар министрі:
– Қамыс Петропавл үшін айтарлықтай мәселе туындатып отыр. Берекедегі жағдай бәріміздің де есімізде. Департамент мамандары тұрғындарды бұл өсімдікті шабу қажеттігі жайында құлақтандырды. Өкінішке қарай, жұмыс кейбір жерлерде орындалмай жатады. Бұл жұмыстарды өрт қаупі кезеңі келмей жатып тындыру керек.
Ағайынды алаңдатқан мәселелерден кейін Юрий Ильин БАҚ өкілдерімен сұхбаттасты. Белгілі болғандай биыл өңірге 7 көлік жеткізіледі. Сондай-ақ, қауқары мықты құрылғылар да пайда болады.
ЮРИЙ ИЛЬИН, ҚР Төтенше жағдайлар министрі:
– Жақын арада ұзындығы 50 метр болатын 3 көтергіш саты әкелінеді. Оның біреуі Петропавл қаласына арналған. Бар көліктердің де тегеуріні артады. Оларға қуаттылығы мықты насостар орнатылады. Нәтижесінде 18-25-ші қабатта шыққан өртті сөндіру мүмкіндігі пайда болады.
Жұмыс сапары барысында Төтенше жағдайлар министрі облыстық үш арна басшылығымен кездесті. Арнайы меморандумға қол қойылды. Маңызды құжат БАҚ мен ТЖД арасындағы жұмысты күшейтуге бағытталған.
Алдияр Айтпаев