ГҮЛДЕН СЕМБАЕВА, тілші:
– Жамбыл ауданындағы Лесная поляна балалар сакуықтыру лагерінде этноауыл легері жұмысын бастады. Бұл лагердің бір ерекшелігі – мұнда ұл-қыздар қазақтың салт-дәстүрін үйренеді.
Балалар ұлттық дәстүрді біліп қана қоймай демалыстарын да тиімді өткізеді. Мәселен, қыздарға ұмыт болып бара жатқан алаша тоқу әдісі көрсетіледі, бауырсақ пісіреді, самауыр жағып, су қайнатады. Бұның бәрін мектеп мұғалімдері үйретеді.
Садақ – ата-бабамыз қолданған қару-жарақтың бірі. Олар найзаның ұшымен, білектің күшімен осы ұлан-ғайыр жерді жаудан қорғап қалып, ұрпаққа аманат етті. Мұны білу – жастарға парыз. Ұл-қыздардың әрқайсысы өздерін қызықтыратын дүниелермен айналысуда. Оқушыларға арналып спорттық шаралар да ұйымдастырылған.
ЖАНСҰЛУ СЕРІК, Петровка негізгі орта мектебінің оқушысы, Жамбыл ауданы:
– Лагерь маған өте қатты ұнап жатыр. Садақ аттым, әр түрлі ойын ойнадық. Ойындардың ішінен садақ атқан ұнады. Өзім бірінші рет атып тұрмын. Барлығын үйретті. Біздің мектебімізден 10 оқушы келдік. Осында келген қыздардан естідім бір блогерша қыз келіп, атқа мінуді үйретеді деп. Сол үшін келдім.
Сонымен қатар, сауықтыру алаңына киіз үй қойылған. Бұл – этноауыл лагерінің ашылғанына 3 жыл. Демалыс орнына бүгін 70-ке жуық бала келді. Олар осында таңғы 9-дан түскі 3-ке дейін болады.
ЖАНАР СЫЗДЫҚОВА, Жамбыл аудандық білім бөлімінің әдіскері:
– Балалар, әрине, жазғы лагерьде демалады. Бірақ, бұл этноауылды енгізген себебіміз – ұлттық мәдениетімізді келешек ұрпақ бойына сіңірту. Келем деушілерге есігіміз ашық. Біз 5-ші сыныптан 10-шы сыныпқа дейін қамтимыз. Былтырлары біз лагерьді 15 күнге созсақ, биыл 10 күнге создық. Ауданда – 29 мектеп. Сол 29 мектептің балаларын қабылдаймыз. Бүгін Будённое, Петровка, Мирный, Бауманның оқушылары келді. Ертең басқа мектептің балаларын қабылдаймыз.
Этноауыл маусымның 15-сіне жұмыс істейді. Оған дейін 11 лекпен 500-ден аса бала қамтылады.
Гульден Симбаева