Білім

СҚО-да 4 ҰБТ тапсырушы ереже бұзған

Биыл өңірде ұлттық бірыңғай тестілеу мамырдың 19-ы күні бастау алды. Маңызды науқан шілденің 5-ші жұлдызына дейін жалғасады. Бұл аралықта теріскейлік түлектердің 71 пайыздан астамы бақ сынауы тиіс.

Бүгін жалынды жастардың бір легі білім деңгейлерін сынады. Қаз-қатар сап түзеп, аудиторияға кезекпен кіріп жатқандардың жартысы – аудан түлектері. Қарақат Аманжол – Аяған Шәжімбаев атындағы №3 Явленка орта мектебінің түлегі. Есілдік қыз бұған дейінгі сынақтарда 80-нен асыра ұпай жинап жүріпті. Мақсаты – ана жолын қуу.

ҚАРАҚАТ АМАНЖОЛ, Аяған Шәжімбаев атындағы №3 Явленка орта мектебінің түлегі:

– Мен дүниежүзі тарихы мен география пәнін таңдап отырмын. Мұғалім болғым келеді. Өзім дайындалдым. М.Қозыбаев атындағы СҚУ-ға оқуға түскім келеді.

19-шы мамырдан бері облыста 1700-ден астам жас тест тапсырған. Өкінішке қарай, Петропавлда 4 түлек жалпыға ортақ ережені бұзған. Олардың екеуі телефон, смарт-сағат сынды тыйым салынған затпен дәлізде анықталса, екеуі аудиторияда әшкере болыпты. Сол үшін емтихан нәтижелері жойылып, сыртқа шығарылған екен.

МАРИЯ ИСМАҒАМБЕТОВА, СҚО білім басқармасының бас маманы:

– Тестілеудің қорытындысы бірден белгілі болады. Онымен тест тапсырушы өзінің жеке кабинетіне кіріп, таныса алады. Егер бақ сынаушының нәтижеге көңілі толмаса апелляциялық шағым білдіруге құқығы бар. Бұл жерде ескерер жайт, мұндай өтінішті республикалық топ қарайды. Яғни, ақтық қорытындыны сол комиссия шығарады.

Қоса кетейік, өңірімізде 2 тест тапсыру орны бар. Олардың бірі – Петропавлда, ал екіншісі Ғабит Мүсірепов ауданының орталығы Новоишимское селосында орналасқан.

 

Байболат Култанов