Облыс орталығында “Қазтест” сынағы бастау алды. Ол Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің №6 оқу корпусында өтіп жатыр. Дәстүрлі емтихан диагностикалық және сертификаттық болып 2-ге бөлінеді.
Мына дәріс залында қазақ тілін меңгеру деңгейін анықтау үшін диагностикалық сынақ өтіп жатыр. Қатысушының саны 200-ден асып жығылады. Түрлі саланың тұтқасын ұстаған жандар алдымен аудио материалды тыңдап, тест сұрақтарына жауап береді. Кейін тағы 2 тапсырманы орындайды.
ҰЛЖАН САДЫҚОВА, ҚР ҒЖБМ Ұлттық тестілеу орталығының өкілі:
– “Қазтест” дегенде бәрінің көз алдына ереже елестейді. Алайда, бұл тестілеудің мақсаты – заң-ереже сұрау емес, сөйлеу әрекетінің түрлері бойынша тіл меңгеру деңгейін анықтау. Сөйлеу әрекетінің түрлері: тыңдаған ақпаратты қабылдау және түсіну, лексика-грамматикалық құрылымды меңгеру және оқығанды түсіну.
Қатысушы соңғы екеуінің алғашқысы бойынша тест тапсырады. Ал екіншісінде қолындағы кітапшада жазылған мәтінді оқып, тапсырма орындайды.
Осының бәріне 100 минут беріледі.
БАЙБОЛАТ БЕКТЕМІРҰЛЫ, тілші:
– №6 корпустың 2-ші қабатында да жаңа қызу қарбалас болды. Адамдардың бір тобы мына кабинетке еніп кетті. 2023-ші оқу дәрісханасында сертификат үшін сынақ өтіп жатыр. Бұл құжаттың өзіндік мүмкіндіктері бар.
ҰЛЖАН САДЫҚОВА, ҚР ҒЖБМ Ұлттық тестілеу орталығының өкілі:
– Сертификаттық тест. Бұл жерде адамдар сертификат үшін тест тапсырғандықтан тәртіп қатаңдау. Бөгде адамдарға кіруге болмайды.
Ұлжан Садықова тестілеу басталар алдында қатысушылардың телефонын жинап, ортақ талапты түсіндірді. Бұл сынақ кейбір мамандық иелеріне міндетті. Бүгін 25 адам бақ сынамақ.
ҰЛЖАН САДЫҚОВА, ҚР ҒЖБМ Ұлттық тестілеу орталығының өкілі:
– НЗМ мұғалімдерінің сертификаты болмаса аттестаттауға қатыса алмайды. “Болашақ” бағдарламасының үміткерлерінде сертификат болмаса шетелге оқуға немесе ғылыми тағылымдамаға бара алмайды.
Облыс орталығында “Қазтест” сынағы 3 күнге созылады. Осы уақыт ішінде Ұлттық тестілеу орталығының өкілдері қос бағыт бойынша 900-ге тарта теріскейліктің білім деңгейін тексеріп көрмек. Айта кетейік, сертификаттық емтихан ақылы негізде ұйымдастырылады. Оған қатысу үшін үміткер 8 мың 263 теңге көлемінде ақша төлейді.
Байболат Култанов