Қоғам

Археологтар: Есіл ауданында көне ғимараттардың орны табылды

Осыдан екі апта бұрын өңірде алматылық мамандардың бастауымен археологиялық қазба жұмыстары қарқын алды. Меймандар алғашқы зерттеу жұмыстарын Есіл ауданында жүргізуді шешкен. Іске кіріспес бұрын бұл аудан сырттай зерттеліп, бастан-аяқ жоспар құрылған екен. Оңтүстік астанадан келген 15 маман Есіл ауданындағы Балықты көлінің оңтүстік жағалауынан бірнеше шұңқыр анықтаған. Бұл ойықтар көне ғимараттардың орны екен. Бұл жерде қандай құрылыс нысандары болғаны туралы әлі толығымен зерттеу жұмысы жүргізіледі. Сондай-ақ, ғалымдардың айтуынша Есіл өзенінің бойында ерте темір дәуіріне жататын Томарқарасу қорымы бар екен. Соның ішінде ең ірі деген қорғанның биіктігі 1 метрден асады, ал диаметрі – 30 метр. Барлығы – топырақ пен қиыршық таспен көмкерілген 8 үйінді табылған. Жалпы, археологтар Есіл ауданы бойынша зерттеуді қажет ететін жаңа 25-ке жуық нысан мен 15-ке жақын қыстау орнын тапқан. Қазіргі таңда алынған деректер жинақталып, талданып жатыр. Сондай-ақ, мамандар осындай зерттеу жұмысын Шал ақын ауданында жүргізуде.

 

Акжунис Мухатай