Қоғам

Мемлекеттік рәміздер күніне арналған автошеру

Петропавлда мемлекеттік рәміздер күніне орай автошеру өтті. Темір тұлпар тізгіндеген жандар шеруді облыс орталығынан бастап қала жанындағы Бескөл, Бәйтерек, Новокаменка, Архангелка және Петерфельд ауылдарында болды. Әр көлікте көк туымыз желбіреген. Мұндай көрініс әр адамның рухын көтереді.

АЛЬФИЯ ОРЫМБАЕВА, автошеруге қатысушы: ауд:006// Мен мұндай автошеруге бірінші рет қатысып тұрмын. Өте қуаныштымын. Бойымды патриоттық сезім биледі. Жұртшылықты мерекемен шын жүректен құттықтаймын. Елімізде мәңгі бейбітшілік болсын. Қаламыз өркендеп, гүлдей берсін.

Автошеру қатысушыларын ауыл тұрғындары қуана қарсы алды. Олар жол бойында сап түзеп, көлік сигналын басқан, туымызды желбіретқан азаматтарға қошемет көрсетті. Патриоттық шараның ұйымдастырушылары – қалалық жастар ресурстық орталығы.

ЖАНАТ КӘКІМОВ, қалалық жастар ресурстық орталығының басшысы:

– Бұл автошерудің мақсаты – тұрғындарымызға патриоттық сезімді насихаттау, жастардың бойында мемлекеттік рәміздерімізге деген құрметті арттыру. Бүгін шеруде болған еріктілердің жейделерінде көк туымыз бен елтаңба бейнеленген. Мерекеге өте жарасымды.

Автошеруге жалпы саны – 20-ға жуық жеңіл көлік қатысты. Оқыс оқиға болмас үшін тәртіп сақшылары алда жол бастап жүрді. Ауқымды шара Погодин атындағы орыс драма театрының алдында аяқталды. Соңында қатысқандар қолдарына ту алып, естелік суретке түсті.

 

Акжунис Мухатай