Қоғам

Еңбек адамы

Сүйікті ісінің жілігін шағып, майын ішкен маман – Михаил Астапович.
Оның Ақжар ауданындағы Горьковское ауылында тұрып жатқанына 60 жылға жуықтапты. Соның 45 жылын механизатор болып жұмыс істеуде. Трактор, комбайн мен К-700 секілді техниканың тілін жақсы біледі. 6 баланың әкесі, 8 немеренің атасы береке тұрақтылықта дейді. Өзі – көпке үлгі, баласы да әке жолын қуыпты.

МИХАИЛ АСТАПОВИЧ, механизатор, Ақжар ауданы:

– Ұлым да менің жолымды қуып механизатор болып еңбек етіп жүр. Көрші ауылда тұрады. Немерелерім де еңбекке жақын. Жазғы демалысқа келгенде жұмысыңа бірге ала баршы деп өтінеді. Менімен осында жүргенді ұнатады. Оларға жұмыс барысын көрсетіп, техникамен таныстырамын.

Михаил Дмитриевич – Беларусь елінің тумасы. Ақжар ауданына әке-шешесімен 1 жасында көшіп келіпті. 8 жылдық мектепті бітіріп, Боровское училищесінде құрылысшы мамандығына оқыған. Бірақ, үй құрылысы емес, техника құрылысы тартқан екен. Әскерден орала салысымен еңбек жолын бастаған шаруашылыққа қайта орналасыпты. Еңбекке деген құштарлық пен адалдық деген осы болар. Бүгінге дейін ірілі-ұсақты біраз өзгерістің куәсі болдым дейді Михаил Астапович. Жұмыс істеп жүрген шаруашылық тұралап қалған кезде қол қусырып еңбексіз отыру қиынға соққан екен.

МИХАИЛ АСТАПОВИЧ, механизатор, Ақжар ауданы:

– Бұрын бұл шаруашылық «Ақниет-Север» деп аталды. Агроқұрылым құлдырап, жұмысшылардың көбі кете бастады. Кейін жаңа басшылық келіп, «Ақ-Ниет-Агро и К» серіктестігі пайда болды. Содан бері жағдайымыз біраз жақсарып қалды. Егін егу, оны ору жұмыстары уақытылы жүргізіліп тұрады. Биылғысын аяқтап қалдық. Енді техниканы консервацияға қойып жатырмыз. Оларды жөндеп, қалыпқа келтіреміз.

Михаил Дмитриевич айтып отырған «Ақ-Ниет-Агро и К» серіктестігі 2018 жылы құрылған. Басында егістік жерлері 4 мың гектардан асса, қазір 16 мың гектар аумақты алып жатыр.

МАРАТ ШАПЕНОВ, «Ақ-Ниет-Агро и К» ЖШС директоры, Ақжар ауданы:

– Соның 13 мыңы зерновой, қалғаны масличный. Бізде 7 посевной комплекс бар. Биыл 200 млн-ға жуық тыңайтқыш алдық.

Агроқұрылымда 200-ге жуық адам еңбек етеді. Соның бесеуі ғана жас маман.
Шаруашылықта, әзірге, кадр мәселесі туындап отырған жоқ. Десе де, басшылығы қатарға жас мамандарды тарту бойынша әрекет етіп жатыр.

 

Самал Жунусова