«Тарихи сана қоғамды ұйыстырушы фактор ретінде». Осындай атаумен Оқушылар сарайында форум өтті. Шара «Тарихтан тағылым – өткенге тағзым» халықаралық жобасы аясында ұйымдастырылды. Оған облыстық Ассамблея мүшелері, тарихшылар мен этнографтар қатысты. Тарихи маңызды жиын барысында репрессия құрбандары жайлы, М.Жұмабаевтың өмірі, еңбек жолы мен шығармашылығы туралы айтылды.
ЭЛИНА ПАУЛИ, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі жанындағы «Қоғамдық келісім» мекемесінің директоры:
– ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің «Қоғамдық келісім» мекемесінің ұйымдастыруымен біз 2010 жылдан бастап жыл сайын осы форумды өткізіп келеміз. Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне арналған және М.Жұмабаевтың 130 жылдығына арналған конференцияны өткізу үшін жиналып отырмыз. Кеше ғана біз М.Жұмабаевтың кіші отанына барып келдік. Мұражайын көріп, ескерткішіне гүл шоқтарын қойдық.
Форум барысында облыстық архив мамандары Президент архивінің ұжымымен бірлесіп көрме ұйымдастырды. «Қызылжар өңірінің Алаш қайраткерлері» деген атау берілген көрмеде тарихи тұлғалардың өмірі мен қызметіне байланысты құнды құжаттар көрсетілді.
СӘУЛЕ МӘЛІКОВА, Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архивінің директоры:
– Жақын арада ғана алынған Мағжанның Москва қаласында 1923-1926 жылдары жұмыс жасағаны жөнінде, сол кезде Лениннің шығармаларын, Горькийдің шығармаларын аударғаны. Сонымен бірге, Всеволод Ивановтың шығармаларын аударған. Қазақ әдеби бөлімінде қызметте Ә.Бөкейхан және М. Жұмабаев болған екен. Сол жөнінде құжаттар – өте құнды құжаттардың бірі.
Ал мына бір құжат бұған дейін еш жерде көрсетілмеген. Бұл М.Жұмабаевтың 1927 жылы Петропавлға келіп, педагогикалық техникумда еңбек еткенін дәлелдейді. Көрмеде өзге де тұлғалар жайлы тың мәлімет жария етілді.
СӘУЛЕ МӘЛІКОВА, Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архивінің директоры:
– Жаңа есімдер – Салмақбай Күсемісов. Ол 1918 жылы Кеңес үкіметі құлаған уақытта осы Петропавлда үкімет органын басқарған. 1920 жылы қызметі үшін өлім жазасына кесілді. Сонымен қатар, жерлесіміз ақын, жазушы, публицист Байбатыр Ержанов туралы материал әкеліп тұрмыз. Бұл материал да құнды құжаттардың бірі.
Қазіргі уақытта жергілікті мамандар Алаш қайраткерлеріне қатысты зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Әзірге, 60-тан астам тұлғаның есімі анықталды. Зерттеу жұмысы жалғасын табады.
Самал Жунусова