Қоғам

Мағжан ескерткішіне гүл шоқтары қойылды

Халқымыздың болашағы үшін бар ғұмырын күреспен өткізген зиялымыздың туғанына – 130 жыл. Бүгін азаматтар солақай саясаттың құрбаны болған Мағжанның рухына бас иіп, ескерткішіне гүл қоюға жиналды. Біртуар ақын 1938 жылы 19 наурызда жазықсыз ату жазасына кесіледі. Азат өмірді, халқының тәуелсіздігін арман еткен қайраткер білегінің күшімен де, жүрегіндегі жыры арқылы да күресе білген. Мемлекет тарихы институты директорының міндетін атқарушы Аяған Бүркітбайдың айтуынша ақын сол кездегі тоталитарлық режиммен күресу жолында көп еңбек еткен.

АЯҒАН БҮРКІТБАЙ, тарих ғылымдарының докторы, профессор, Астана қаласы:

– Тәуелсіздіктің арқасында көп жыл ұмытылғаннан кейін біршама қиыншылық көрген, қаза тапқан азаматтардың аттары қайта жаңғырып жатыр. Солардың бірі – қазақтың ардақты ұлы Мағжан Бекенұлы Жұмабаев. Мағжан Жұмабаев – бақытты адам менің білуімше. Өмірінде көрген қиыншылық көп болғанымен, шахид болғанымен, аты елдің мәңгі есінде қалды. Өз Отаны атын шығарып, жаңғыртып жатыр.

Ақынның шығармаларын Кеңес уақытында жарты ғасыр бойы оқуға қатаң түрде тыйым салынды. 60-шы жылдары есімі ақталып, туындыларын паш етуге мүмкіндік туды. Алаш қайраткері, ақын, қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі артына өшпес мұра қалдырды. Қаламгердің жырлары жанды елжіретпей қоймайды.

Жиналған қауым Мағжанның ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, 1 минуттық үнсіздікпен еске алды.

 

Акжунис Мухатай