Қоғам

Кәсіпкерлерге “Ауыл аманаты” бағдарламасының шарттары түсіндірілді

Несие түрлері және тиімділігі, кімге беріледі, ауыл шаруашылығы бағытын қолға алғандарға қандай қолдау көрсетіледі? «АМАNAT» партиясының облыстық филиалында кәсіпкерлерге арналып ашық есік күні ұйымдастырылды. Кездесуге әкімдік өкілдері мен «Солтүстік» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының мамандары да шақырылды.

Диар Умирзақовтың мал шаруашылығына ден қойғанына 17 жылдан асқан.
Өңірге 2019 жылы оңтүстіктен көшіп келіпті. Қазір Мамлют ауданындағы Покровка ауылында тұрады. Мақсаты – қолға алған ісін кеңейту.

ДИАР УМИРЗАҚОВ, Покровка ауылының тұрғыны, Мамлют ауданы:

– Алдағы уақытта малымды көбейткім келеді. Не керек, қандай құжат қажет? Соны білейін дегенмін. Қазір 18 мал басын ұстаймын. Кредитке ақша алайын дегенмін 2 жарым пайызбен. Сұрақтарымды қойып, жауабын алдым. Кредиттік тарих дұрыс болса болды дейді.

«Ауыл аманаты» жобасы осы көктемнен бастап іске қосылды. Мақсат – ауыл тұрғындарының табысын арттыру. Бүгінгі келушілердің бірі өз дәмханасын ашқысы келсе, енді бірінің қоғамдық монша салу ойы бар. Мамандарға жүгінгендердің көбі – Қызылжар, Мамлют пен Аққайың аудандарының кәсіпкерлері.
Аталған бағдарлама аясында бір адамға 8 млн 600 мың теңгеге дейін несие беріледі. Қарыз ауыл шаруашылығына қатысты жобаларға 7 жылға дейін, ал өзгелеріне 5 жылға дейін рәсімделеді.

ӘСЕЛ САМАРАТОВА, СҚО кәсіпкерлер палатасының бөлім басшысы:

– Осы несиені алу үшін ең алдымен кәсіпкер құжаттарды жинайды. Соны ол «Солтүстік» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына тапсырады. Сосын комиссия құжаттарды қарайды. 7 күн ішінде кәсіпкерге жауабы келеді. Комиссия мүшелері кәсіпкердің қандай бизнес түрімен айналысатынын, жалпы бизнес жобасына қарайды. Егер кәсіпкер ақшаны басқа мақсатқа жұмсайтын болса, оны қайтаруға міндетті.

Бұл мақсатқа өңірге республикалық бюджеттен 1,8 млрд теңге қаржы бөлінген.

 

Гульден Симбаева