Солтүстікқазақстандық белді спортшы Аслан Асылбеков кезекті жеңісімен өңірге оралды. Бұл жолы кикбоксшы Түркияда қанжығасын майлады. Әлем кубогында атой салған жерлесімізді темір жол вокзалынан жақындары күтіп алды.
АСЛАН АСЫЛБЕКОВ, кикбокстан өткен Әлем кубогының екі дүркін жеңімпазы:
– Жарыста 4 кездесу өткіздім. Барлық қарсыласым мықты болды. Стильдері де бір-біріне ұқсамайды. Алғашқы спортшыны нокаутпен, қалғанын төрешілер шешімімен жеңдім. Қуанышыммен бөлісе келген жандарға рахмет. Қуаныштымын. Әзірге, жоспар құрмаймын. Аздап демалу керек.
Чемпионды күтіп алуға Асланның анасы да келіп отыр. Айтуынша, баласының жекпе-жектерін көруге жүрегі дауаламайды. Бірақ, бұл жолы финалдық кездесуін тамашалаған екен.
ҮМІТЖАН БАЙМҰХАНОВА, Аслан Асылбековтың анасы:
– Асланды үйде сирек көреміз. Әруақытта жарыстарда, жатттығуларда жүреді. Осылай жетістіктеріне кәу болып, мәз боламыз. Ұлым әркез тәртіппен жүреді. Жаттығуларын себепсіз қалдырған емес. Мақтан тұтамын. Бұл – барша ағайынға ортақ жеңіс. Себебі, ұлым ел намысын қорғап жүр.
Кикбоксқа Аслан 9 жасында келген. Бапкері Дастан Қабденов жастың бойынан ынта-жігер мен табандылықты бірден байқапты. Содан не керек, бірлесе тыңғылықты жаттығу жасай бастаған. Нәтижесінде, міне, ұстаздан шәкірт озып, спортшы жетістіктерімен қуантып жүр.
ДАСТАН ҚАБДЕНОВ, Аслан Асылбековтың бапкері:
– Аслан осы күнге дейін бірнеше рет ел біріншілігінде топ жарды. Ересектер арасында 2021 жылы Будапеште Әлем кубогында жеңімпаз атанды. Биыл да Түркияда жеңістің ең биік сатысына көтерілді.
Аслан Асылбеков қатысатын кезекті жарыс ел біріншілігі. Тамыз айында өтетін додада Әлем чемпионатына жолдама сарапқа салынады. Байрақты бәсеке қараша айында Ирландия елінде өтеді.
Алдияр Айтпаев