АЛДИЯР АЙТПАЕВ, тілші:
– Өңір алқаптарында дән сіңіру жұмысы осыдан бірер күн бұрын басталды. Іске “Мәмбетов и К” КС жұмысшылары да мықтап кіріскен. Қазір танаптағы техника жерге бидай тұқымын егіп жатыр.
Американдық “John Deere” егіс кешенінің тізгінінде – Алексей Черешко. Азамат – серіктестіктегі тәжірибесі мол жұмысшылардың бірі. Мұнда еңбек етіп жүргеніне 30 жылдан асыпты. Оның 25 жылында Меңгесер ауылының тұрғыны егіс және орақ науқанына қатысып келеді.
АЛЕКСЕЙ ЧЕРЕШКО, “Мәмбетов и К” КС механизаторы, Мамлют ауданы:
– Бұған дейін танаптарда бұршақ пен күнбағыс септім. Қазір бидай егіп жүрміз. Ылғал жеткілікті деңгейде. Сол себепті, тұқымды терең сеуіп жатқан жоқпыз. Алқапта таңғы 8-ден кешкі 8-ге дейін жүремін. Кейін екінші ауысымдағы механизатор келеді.
“Мәмбетов и К” серіктестігінің жұмысшылары қазір бірнеше танапта жүр. Іске 4 себу кешені жұмылдырылған. Алдағы уақытта техника саны бірнеше есеге ұлғаймақ. Айта кетейік, Меңгесердегі тегеурінді агроқұрылымның егістік жері 27 мың гектарды құрайды.
ОЙРАТ НҰРМАҒАНБЕТ, “Мәмбетов и К” КС бас директоры, Мамлют ауданы:
– Қазір біз қатты бидайға шықтық. Әзірге, 5 мың гектарын септік. Егіс науқанына қос бригада қатысады. Шамамен 60-70 кісі. Бізде 5 заманауи егіс кешені бар. Тағы К-700 бар. Қызмет көрсетуде де техникалар жүр. Бізде жер мен егілетін дақыл түрі де көп. Жұмысты маусымның 5-і күні бітіреміз.
Меңгесерге іргелес Новомихайловское ауылындағы “Новомихайловское-2003” серіктестігінде де жұмыс қызған. Биыл агроқұрылым жұмысшылары 10 мың гектар жерге дән сіңірмек. Әзірге, 114 гектарға сұлы мен 300 гектарға бұршақ егіліпті. Қазір механизаторлар екі ауысым бойынша күн-түн демей еңбек етуде.
ОЛЕГ ЩЁГОЛЕВ, “Новомихайловское-2003” ЖШС бас маманы, Мамлют ауданы:
– Минералды тыңайтқышты көп аламыз. Биыл 800 мың тоннаға жуығын сатып алдық. Жерге бұл өнімнің құрғақ және сұйық түрін сіңіреміз. Мамандарымыз тәжірибелі. Жақында жаңа егіс кешенін алдық. Өткен жылы серіктестігіміз көрсеткіштерімен аудан бойынша көш басында болды. Былтыр бір гектардың шығымдылығы 25 центнерді құрады.
Серіктестікте 150-ге тарта адам еңбек етеді. Оның 40-ы – механизатор. Александр Помазов трактор тізгініне небәрі 17 жасында отырған. Биыл агроқұрылымда тер төгіп жүргеніне 40 жыл болыпты. Ерен еңбегі үшін азаматқа осыдан 3 жыл бұрын жаңа техника беріліпті.
АЛЕКСАНДР ПОМАЗОВ, “Новомихайловское-2003” механизаторы, Мамлют ауданы:
– Әкем де, мен де, менің балам да механизатор. Жұмыстың қиындығы жоқ. Басшылық жағдайымызды жасап отыр. Жалақы уақытылы әрі еңбегімізге сай төленеді. Қазір шетелдік тегеурінді техникалар елге көптеп кіргізілуде. Бұрынғы көліктермен қазіргілерді салыстыруға келмейді. Заман игілігінің ішінде бәрі бар. Басқарып та керек емес. Мына экрандарда жұмыстың қалай жүріп жатқаны көрсетіледі.
Бүгінде Мамлют ауданында 241 агроқұрылым бар. Егіс науқанына, әзірге, олардың 70 шақтысы кіріскен. Қалғаны жұмысты бірер күнде бастамақ.
Алдияр Айтпаев