Қозыбаев университетінің қабырғасында «Көшбасшылық үшін педагогтарды даярлау мен дағдыларды дамытудың маңыздылығы» атты қорытынды халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Жиынға арқау болған тақырып – Erasmus+ бағдарламасы. Жобаның үйлестірушісі – италиялық Джованни Бетта. Ол Кассино және Оңтүстік Лацио университетінің өкілі.
ДЖОВАНИ БЕТТА, Кассино және Оңтүстік Лацио университетінің өкілі, Италия:
– “Erasmus+” – бұл кәсіби оқыту және жастармен жұмыс жасауға бағытталған бағдарлама. Жобаға бірнеше серіктес ел қатысады. Олар: Италия, Испания, Моңғолия, Қазақстан. Сіздердің елдеріңізден 2 университет қатысты. Жоба нәтижелерінің бірі – университетте көшбасшылық білім беру орталығының ашылуы.
Бұл орталық Петропавлда 3 жыл бұрын ашылыпты. Мұнда ұстаздарға, магистранттарға және жаттықтырушыларға семинарлар өткізіледі. Сонымен қатар, шеберлік сағаттары ұйымдастырылады. Серіктес елдердің өкілдері қатысқан қорытынды жиында атқарылған шаруа жіпке тізілді.
АЙГҮЛ НҰРПЕЙІСОВА, Қозыбаев университеті педагогика факультеті деканының орынбасары:
– Жобаның негізгі мақсаты – мұғалімдердің білім берудегі көшбасшылық қабілетін дамыту. Негізі, жоба біздің университетімізде 2020 жылы басталған. Бүгін соңғы конференцияны өткізіп жатырмыз. 3 жыл ішінде қандай іс-шаралар өткенін айтып өтеміз. Ынтамақтастық туралы да айтамыз.
“Erasmus+” бағдарламасы аясында Қозыбаев университетінің оқытушылары шетелдерде де тәжірибе толықтырды. Мысалы, 8 педагог сыртта білім алып келді.
Гульден Симбаева