Алдағы келе жатқан қос мереке қарсаңында облыс орталығында қылмыстық-атқару жүйесінің қызметкерлері марапатталды. Шара басталмас бұрын ортаға көк туымыз шығарылып, әнұран шырқалды.
Жиында 70 маман мен осы салада еңбек еткен 10 ардагерге «Қазақстан полициясына-30 жыл» төсбелгісі табыс етілді. Сондай-ақ, облыстық ҚАЖД бастығының уақытша міндетін атқарушы Әділет Мұстафинов сала өкілдерін мерекемен құттықтап, бөлім инспекторы Болат Айтымовты ҚР ІІМ грамотасымен марапаттады.
ӘДІЛЕТ МҰСТАФИНОВ, СҚО ҚАЖД бастығының уақытша міндетін атқарушы:
– Қазіргі уақытта адал қызмет атқарып жатқан мамандарға алғыс білдіремін. ІІО-ның қызметкерлері Қазақстан Тәуелсіздігін сенімді қорғай отырып, жауынгерлік шеберліктерін көрсетуде.
Айгүл Мұқышева 50-ші мекемеде қызмет етеді. Бұл – қылмысқа жасаған әйелдер отыратын түзету мекемесі. Нәзікжандының 5 жылдық еңбек өтілі бар. Бүгінгі шарада 8 адамның шені жоғарылады. Айгүл Мұқышева әділет лейтенанты атанды.
АЙГҮЛ МҰҚЫШЕВА: СҚО ҚАЖД №50 мекеме бастығының орынбасары:
– Лейтенант шенін бірінші рет алып отырмын. Өте қуаныштымын. Оның алдында әділет аға сержанты болып жұмыс істедім, енді қазір офицерлік атағына ие болдым. Жамансопкада жұмыс істедім. Әпкем, ағам, әке-шеше осы салада еңбек етті. Менде осы мамандыққа түсуді жоспарладым.
Шара соңы концерттік бағдарламамен жалғасын тапты.
Гульден Симбаева