Облыс әкімі Айдарбек Сапаров түрлі партия өкілдерінен тұратын облыстық және қалалық мәслихаттардың депутаттарымен бірге Петропавлдағы құрылыс алаңдарында болды. 72 пәтерлі мына тұрғын үй Порфирьев көшесі, 60 мекенжайы бойынша 2021 жылдың қазанында тұрғызылды. Алайда, республикалық бюджет есебінен салынған баспана әлі халық игілігіне тапсырылмаған. Басты себеп – құрылыс компаниясының инженерлік желілерге жүрдім-бардым қарауы. Ал, мердігер – алматылық “Мөлдір” серіктестігі.
ЕРТАЙ ҚАБДУЛМӘЖИТОВ, “Мөлдір” ЖШС директоры, Алматы қаласы:
– Қазіргі таңда су құбыры, жылу трассасы дайын. Кәріз жүйесі мен суағарларды да әзірлеп қойдық. Үйге тоқ өткізілген. Жұмыс істеп тұр. Ендігі қалғаны – аумақты абаттандыру.
Жіпке тізілген жұмыстың бәрін алматылық компания қиындықпен орындапты. Құрылысқа жауапты басқарма басшысы Қайролла Ғалеевтің айтуынша, мердігер ұйым өзіне жүктелген міндетке немқұрайлы қараған.
ҚАЙРОЛЛА ҒАЛЕЕВ, СҚО құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы:
– Мердігер абаттандыру жұмысына кірісуі керек. Алайда, оның өзі бүгінге дейін Петропавлда болған жоқ. Қалаға кеше ғана келді. Жоспарланған шаруа уақытында аяқталмағандықтан біз адамдарды қоныстандыра алмай отырмыз. Егер жағдай жедел арада түзелмесе, компания басшысымен жасалған келісімді бұзамыз. Бұл – мәселені шешудің жалғыз жолы.
Мұндай жұмысқа өңір басшысы Айдарбек Сапаров наразылығын білдірді.
АЙДАРБЕК САПАРОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Дом одни строят, ИКИ – другой, благоустройство – один, второй. Надо, чтобы дом строили и ИКИ сразу же. Вот с этого года я поручил вам.
Горький көшесіндегі үйлерге де көңіл толмайды. Көпқабатты баспаналарға инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым желісі көптен бері тартылып жатыр. Бұған тұрғындар наразы. Ал халықты тағатсыздана күттірген серіктестік “Energy Taraz” деп аталады.
ҚАЙРОЛЛА ҒАЛЕЕВ, СҚО құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы:
– Бірінші мәселе – бұл жерде еңбек күшінің жетіспеуі. Екіншіден, құрылыс алаңында “Energy Taraz”-дың өзі емес, аталған серіктестік жалдаған қарағандылық қосалқы мердігерлер жүр. Тараптардың жұмыс қағидасы бар. Бас мердігер ақшаның бір бөлігін аударады, соған сәйкес қана мұндағы мамандар тер төгеді. Яғни, қаржының келесі жартысы келмейінше, жұмысқа кіріспейді. Мұндай жағдай былтыр да болды.
Аумақты абаттандыру да қажет. Мердігер қазір бұл шаруа тындырылып жатқанын алға тартты. Алайда, әлі ешбір нәтиже байқалмайды. Облыс әкімі Жас өркен шағын ауданында бой көтерген көпбейінді емхананың құрылысымен де танысты. Іске “Альфа-Север” серіктестігі жауапты. Жоспар бойынша медициналық мекеменің таспасы өткен жылдың шілде айында қиылуы тиіс еді. Өкінішке қарай, мердігерлер тағы да жерге қаратты.
АНДРЕЙ КАПУСТИН, “Альфа-Север” ЖШС директоры:
– Арғы бетте сыртқы жұмыстар жүргізіліп жатыр. Іште еден құйылып, қабырғалар сыланды. Жұмысшы жайына келсек, жақында қатарға қосымша 50-ге тарта адам тартылады.
АЙДАРБЕК САПАРОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Сіз ауқымды жұмысты тындыру керексіз. Әлі аумақты абаттандыру қажет. Ол біршама уақыт алады. Сондықтан, күн-түн демей жұмыс істеген жөн. Үш ауысымды бригада жасақтаңыз! Мамандардың саны 2 есе ұлғайып, 200-ге жуықтауы тиіс.
Бұл айтылғанмен депутаттар толық келіседі. Евгений Кинцельдің сөзінше, халық саны күннен-күнге ұлғайған ықшам ауданға емхана шұғыл түрде керек.
ЕВГЕНИЙ КИНЦЕЛЬ, облыстық мәслихат депутаты:
– Бізге құрылысқа қатысты сұрақтар көп түседі. Бұл жерде жергілікті компания жұмыс істеп жатыр. Мердігер халық алдында өзінің абыройына дақ түсірмес үшін жауапкершілік танытып, істі бекітілген мерзімде аяқтайды деп ойлаймын.
Жүздесу соңында облыс әкімі емхананың таспасын маусым айының ортасында қиюды тапсырды.
Байболат Култанов