Дала мәдениетінің бір бастауы – Ботай қонысы. Қасиетті Айыртау топырағында Халықаралық ескерткіштер күніне орай далалық семинар өтті. Шараға еліміздің түкпір-түкпірінен келген тарих және география пәні мұғалімдері мен ғылыми зерттеушілер қатысты. Мұнда өркениеттің көне мекені туралы кеңінен ақпарат айтылды. Көрме ұйымдастырылды. Деректермен Жадыра Мұқышева бөлісті.
ЖАДЫРА МҰҚЫШЕВА, “Ботай” мәдени-қорығының бөлім басшысы, Айыртау ауданы:
– Ең алғаш тың игеру жылдарынан кейін Есләмбек Зікірияұлы тауып, зерттеген екен. Зерттеу жұмысынан кейін Көкшетау мұражайына тапсырған. 10 жылдан кейін В.Ф.Зайберт зерттеуді ғылыми дәрежеде жалғастырған. Алматыдан келген зерттеушілер бұл жердің атауы болуы керек деп ат қою мәртебесін Е.Зікірияұлына тапсырған екен. Е.Зікірияұлы осы жерде тұрып, би-шешен болған 6-шы атасы Ботайдың есімін береді.
Көкшетау тауымен тұтасатын Айыртау сілемдері тарихтың небір сырын өзіне жасырып тұрғандай. Жыл артқан сайын 62 гектардан астам аумақтан Ботай мәдениетінің ескерткіштері табылып жатыр.
ЖАДЫРА МҰҚЫШЕВА, “Ботай” мәдени-қорығының бөлім басшысы, Айыртау ауданы:
– Ботай мәдениеті – б.з.б. 4-3 мыңжылдыққа жататын мәдениет. Бұл мәдениетке сонау Есіл мен Жайық аралығынан табылған Энеолит дәуірінің ескерткіштерін жатқызамыз. Осы орайда Ботай мәдениеті мен қонысын ажыратып алуымыз керек. Қоныс дегеніміз – Айыртау ауданы, Никольское ауылынан 1,5 шақырымда орналасқан ескерткіш. Дәл осындай жәдігерлер Солтүстік Қазақстан өңірінен де, орталық Қазақстан өңірінен де табылады. Олардың барлығын жалпы атаумен “Ботай мәдениетінің ескерткіштері” деп атаймыз.
Ботайлықтардың сыры әлі күнге дейін толық ашылған жоқ. Күннен-күнге дүйімді қызықтыру үстінде. Оларды дала архитектурасының негізін қалаушылар деп атаймыз. Себебі, баспаналарының өзі тапқырлықпен жасалған. Барлығы – 600-ге жуық тұрақ бар. Оның 250-ге жуығы зерттелген. Көпшілігінің диаметрі – 6 метрді ал ұзындығы 4,5 метрді құрайды. Үлгі 2022 жылы жасалыпты.
ЖАДЫРА МҰҚЫШЕВА, “Ботай” мәдени-қорығының бөлім басшысы, Айыртау ауданы:
– Жердің астынан 1 метр қазылған. Сондықтан, жертөле деп атайды. Қабырғаларына сүйектерді араластырып отырған екен. Сүйектер балшықтың шашылып кетпеуін қамтамасыз еткен. Бөренелерді қиғаш-қиғаш етіп орналастыру арқылы шатыр жасаған. Яғни, жапсарласып салынған. Баспананы салу барысында бірде-бір шеге қолданылмаған.
Ботайлықтарды жұртшылық асауға алғаш ауыздық салғандар деп біледі. Атақты ғалым Зайберт мұны дәлелді. Ол 1 күндік зерттеу жұмысы кезінде 6 мың жәдігер тапқан екен. Арасында Қамбар ата төліне қатысы жоқ дүниелер де бар.
ӘЙГЕРІМ ШАИМОВА, “Ботай” мәдени-қорығының экскурсия жүргізушісі, Айыртау ауданы:
– Бұл тастарды дисктер деп атаймыз. Ағаш қолдана отырып, балға мен балта ретінде пайдаланған. Бұл дискті жасау үшін бұрғылау станогын қолданған. Станок Зайберттің үлгісі бойынша жасалды. Кұралдың көмегімен ортасы тесік тастар 1 апта мен 1 ай аралығында жасалған.
Келген қонақтардың ерекше әсер алғаны анық. Шара барысында олар білім мен тәжірибе алмасты. Көкейкесті мәселелерді де ортаға салды.
МЕРУЕРТ ҚИЯСБЕК, Ә.Марғұлан атындағы археология институты Солтүстік Қазақстан филиалының директоры:
– Бұл іс-шарада археологиялық ескерткіштерді зерттеп, оны әрі қарай қорғау маңызды екендігі айтылды. Біраз тақырыптар қозғалды. Бірнеше адам өз баяндамасын оқыды. Енді бұл жобалар үкімет тарапынан, жергілікті басшылық тарапынан қолдау көріп, іске асады деп сенеміз.
Сонымен қатар, Меруерт Қиясбек алда көптеген зерттеу жұмыстарына белсене ат салысатытынын тілге тиек етті.
МЕРУЕРТ ҚИЯСБЕК, Ә.Марғұлан атындағы археология инстиуты Солтүстік Қазақстан филиалының директоры:
– 2022 жылы қараша айында Ә.Марғұлан атындағы археология институтының Солтүстік Қазақстандағы филиалы ашылды. Біз сол ұжымнанбыз. Енді архелогиялық қазба жұмыстарына, зерттеу жұмыстарына ат салысатын боламыз. СҚО-да археологиялық жұмыстардың 55 жылдық тарихы бар. Оларды бір жүйеге келтіру жұмыстары енді басталды. Осы уақытқа дейінгі қолмен жазылған жұмыстарды цифрландырып, сканерлейміз.
Алдағы уақытта Ботай тұрағында визит-орталық ашу жоспарлануда. Сонымен қатар, мұражайландыру да жоспарда бар. 2023 жылы іске облыстық әкімдік тарапынан 108 млн теңге бөлінген екен.
Аснурия Абдула