Аптадағы маңызды жаңалықтарҚоғам

Петропавлда Қазақстан халқының бірлігі күні кеңінен тойланды

БАЙБОЛАТ БЕКТЕМІРҰЛЫ, тілші:

– Бірлігі бекем елдің болашағы жарқын! Құдайға шүкір дейміз, Қазақстан – 100-ден астам ұлттың басы қосылған құтты мекен. Қазіргі таңда халық тату-тәтті бір шаңырақ астында өмір сүріп жатыр. Бүгінгі мереге жұртшылық көшеге шығып, осылай өздерінің ұлттық киімдерін киіп, Қазақстан халқының бірлігі күнін атап өтуде.

Бірлік күнінде думансүйер ағайын басты алаңға ағылды. Аумақ әдеттегідей мерекеге сай безіндірілген. Спорттық іс-шаралар басталып та кетті. Келуші қауым мәре-мәре. Жұртшылықтың алдында теріскейлік таланттар бұл жолы да жоғары деңгейде өнер көрсетті. Солардың ішінде түрлі ұлт өкілінен тұратын “Мәңгілік” би ансамблі бар.

Мерекеге облыс әкімі Айдарбек Сапаров ортақтасты. Өңір басшысы басты алаңды аралап, көпшілікпен дидарласқан соң әншілердің өнерін тамашалады.

Бүгінгі мерекеде бірнеше шақырымға созылған Қазақстан Конституциясы көшесі де құлпыра түсті. Әсіресе, Достық үйінің маңы ерекше кейіпке енді. Бұл жерде облыс әкімін этномәдени бірлестіктердің өкілдері күтіп алды. Қазақ – кеңпейіл халық. Осы қасиет қазір елімізде тұратын өзге ұлт өкілдеріне де дарыған. Алаңда өңір жетекшісіне дәм ұсынылды. Мына жерде болашақ ел қорғандары күресті. Олардың тартысын көпшілік қызыға тамашалады.

Халықтың көңілі көтеріңкі. Түрлі ұлт өкілдері бір-бірін мерекемен құттап, тілек білдіруде. Барлығының қалауы – мызғымас бірлік, қоғамдағы тұрақтылық.

 

Байболат Култанов