Мәдениет

Жастар тарихқа көз жүгіртті

“Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама”. Осыдан тура 300 жыл бұрын ел басына күн туды. Билікті бекем ұстаған Тәуке хан қайтыс болды. Үш жүз үш жаққа ыдырап, билікке талас басталды. Тақ үшін талас пен тартыс кезінде жау шықты. Ауылы аралас, қойы қоралас болған жоңғарлар қазақ жеріне шапқыншылық жасады. Қазір сол оқиғаны Абылайхан резиденциясының мамандары ашық аспан астында кеңінен баяндауда.

Оқиға желісінен бөлек мамандар зар заман жайлы өлеңдер де оқыды. Оны Солтүстік Қазақстан кәсіптік-педагогикалық колледж студенттері ұйып тыңдады.

– Ел тарихына үңілдік. Кездесу маған ұнады. Берері мол шара болды.
– Мұндай шараларға жиі қатысқым келеді. Музейге де арнайылап келіп, аралау жоспарда бар.

НАЗГҮЛ БЕЙСЕМБИНА, “Абылай ханның резиденциясы” музей кешенінің бөлім жетекшісі:

– Бұл шара арқылы ұрпаққа сол кездегі қазақ халқының басынан өткен қиын шақтарын түсіндіргіміз келді. Тарихымыз бойынша жастар көп білуі керек. Қанша халық қырылып, экономикасы құлдыраса да қазақ халқы ол қиындықты басынан өткерді. Елдің бірлігі мен тұтастығы сақталды.

Ел басына қара бұлт үйірген қасірет 1723-1727 жылдар аралығында 4 жылға созылды. Тәуке ханнан кейін үш жүзді Абылай біріктірді. Осылайша, елдің елдігі сақталып қалды.

 

Алдияр Айтпаев