Қоғам

Тыныштық күзетшілері

150 жауынгер қаз-қатар тізіліп тұр. Қазір бұл жігіттер 3-ке бөлініп, 3 аудандағы қоғамдық тәртіпті қадағалайды. Қолдарына қаламсап ұстаған сарбаздар орындайтын міндеттерін жазу үстінде. Ереже түсіндірілді. Бұйрық берілді. Жастар саптық адым бойынша қозғалыс жасады.

Сарбаздарға артылған жүк ауыр. Аптаның сәрсенбі, бейсенбі, жұма және сенбі күндері олар көшелерде жүреді. 6 сағат бойы қоғамдық тәртіптің сақталуына жауап береді. Құқық бұзушылықтарды анықтайды. Жоғалған заттарды тауып алған жағдайда полицияға хабар береді. Іске семейлік Ерік Алпышев та тұрақты түрде қатысады. Қазіргі таңда ол 6637 әскери бөлімінде өз борышын өтеп жүр.

ЕРІК АЛПЫШЕВ, ҚР ҰҰ 6637 әскери бөлімінің мерзімді әскери қызметшісі:

– Шығыс Қазақстан облысы Семей қаласынан шақыртылдым. 6637 әскери бөлімі 1-ротада қызметімді атқарып жатырмын. Біздің ротамызда көптеген ұлт өкілдері бар. Достарымыз көп. Өте жақсы араласамыз. Атап өтсем, орыс, өзбек, татар және басқа түркі тілдес ұлт өкілдері.

Мерзімді әскери қызметшілер еліміздің түкпір-түкіпірінен жиналған. Қала тыныштығын қамтамасыз етіп жүрген жастар бір-бірімен тату. Сарбаздар руға да, ұлтқа да бөлінбейді. Бауыр болып кеткен. Руслан Мирзарауфовтың ұлты – өзбек. Азамат “Қазақстан – біздің ортақ үйіміз және еліміз үшін әрбіріміз аянбай тер төгуіміз қажет”,- дейді.

РУСЛАН МИРЗАРАУФОВ, ҚР ҰҰ 6637 әскери бөлімінің мерзімді әскери қызметшісі:

– Петропавлға өз борышымды өтеу үшін Тараз қаласынан келдім. 18 жасымда маған әскерге шақырту келді. Әскери өмірге бұрыннан қызығатынмын. Шен таққан қызметкерлерге қарап бой түзейтінмін. Еліме титтей де болсын пайдам тисе деймін.

Алдағы мереке күндері бұл жігіттердің жұмысы қыза түседі. Қала тыныштығын қамтамасыз ету үшін жастар күндіз-түні қызмет атқарады.

МАҚСАТ МҰҚАЕВ , ҚҰ ҰҰ 6637 әскери бөлімі командирінің орынбасары:

– 6637 әскери бөлімінде 100-ден астам өзге ұлт өкілдері қызмет атқарады. Олар күн сайын жауынгерлік қызметке түсіп, өздеріне жүктелген міндетті абыроймен орындап шығады. Бір үйдің баласындай ұжым болып, барлық шараға жұмыла ат салысады.

Жалпы, 6637 әскери бөлімінде қазіргі таңда мыңға жуық адам қызмет атқаруда.

 

Аснурия Абдула