Қоғам

Сәтжан Аблалиев құрылыс компанияларының өкілдерімен кездесті

Облыс әкімінің орынбасары Сәтжан Аблалиев өңірдің құрылыс компанияларының өкілдерімен кездесті. Жиын кәсіпкерлер палатасында өтті. Тараптар әріптестік пен мәселелерді талқылады.

ӘМІРЖАН ШӘКЕЙ, Қазақстан құрылысшылар одағы облыстық филиалының директоры:

– Бізде көпқабатты үйлер көптеп салынуда. ЖЭО қауқары шектеулі екені белгілі. Осы орайда алдағы жоспар қандай? Нысан жыңғыртыла ма? Газдандыру мәселесі қарастырылып жатыр ма?

Өңір басшысының орынбасары Сәтжан Аблалиев 2022 жылы жылу электр орталығында 9 қазандық ретке келтірілгенін, оның алтауы күрделі жөндеуден өткенін айтты. Бұл жұмыстар өз нәтижесін берді. Қуат ошағында өткен жылыту маусымымен салыстырғанда жабдықтарды жөндеуге кететін уақыт біршама қысқарды. Биыл нысан қожайыны жөндеу жұмыстарына шамамен 9 млрд теңге жұмсайды. Сонымен қатар, ЖЭО-да бірінші мұржаның іргетасы салынып жатыр.

СӘТЖАН АБЛАЛИЕВ, СҚО әкімінің орынбасары:

– Жаңа мұржаның құрылысы басталып кеткен болатын. Оның құрылысы биыл аяқталады. Бірақ, әлі қоспаймыз. Оның өзіне 3 млрд қаржы бөлінді. Былтыр жөнделмеген қазандықтар биыл күрделі жөндеуден өтіп, маусымға дайындық басталып кетті. Былтыр мұржа құлаған кезде жаңа техникалық ерекшеліктерді тоқтатқан болатынбыз. ЖЭО-ның өзінің қуатылығы 713 Гкал болса, бүгінгі күні пайдаланып отырғанымыз – 513 Гкал.

Жиын барысында өзге де түйткілдер сөз болды. Қазақстан құрылысшылар одағы облыстық филиалының мүшесі Владимир Богданов салынып жатқан нысандардың жобалық-сметалық құжаттамаларына қатысты мәселе қозғады.

ВЛАДИМИР БОГДАНОВ, Қазақстан құрылысшылар одағы облыстық филиалының мүшесі:

– Жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеп болғанша нарықтық баға көтеріліп кетеді. Екіншіден, сметаны қайта қараудың заңды және қарапайым механизмі жоқ. Біз құрылысшылар қауымдастығы тарапынан аймақтық баға индексін енгізу арқылы баға қалыптастыру тәсілін өзгертуге негізделген дайын шешім әзірледік.

СӘТЖАН АБЛАЛИЕВ, СҚО әкімінің орынбасары:

– Мұндай механизм болса, біз оны қарастыруға және қолдануға дайынбыз. Сіз дұрыс айттыңыз, ЖСҚ нарықтағы бағаның өзгеруіне байланысты ескіріп қалуы мүмкін. Үкімет пен уәкілетті органдар тиісті шара қабылдауда. Енді ЖСҚ-ның ықпал ету мерзімі 3 жыл емес, 1 жылды құрайды.

Бұл мәселе әлі талқылауды қажет етеді. Шешімі – уақыттың еншісінде.

 

Гульден Симбаева