Учаскелік полиция инспекторының жұмысы қайнап жатқан өмірдің сырт көзге көрінбейтін ерекшеліктерімен етене танысуға мүкіндік береді. Викторияның қызмет атқарып жүргеніне жарты жылдан асыпты. Десе де, әріптестері ол жайлы жақсы пікірде.
Денис Солоха, қалалық ПБ №12 УПП учаскелік полиция инспекторы:
– Виктория біздің арамызда 2022 жылдың шілдесінен бастап қызмет атқарып жүр. Осы уақытта өзінің жауапты маман екенін көрсетті. Барлығына көмектесуге дайын. Істерді қазақ тілінде жүргізеді.
Викторияның міндеті – мүлік ұрлығы мен интернет-алаяқтық секілді қылмыстардың алдын алу. Есепте тұрған тұлғаларды тексеруге қатысып, азаматтарды жеке мәселелерімен қабылдайды. Бөлімдегі істерді мемлекеттік тілде жүргізеді.
Виктория Вьюшкина, қалалық ПБ №12 УПП учаскелік полиция инспекторының көмекшісі:
– Менің қазақ тілінде жақсы сөйлеуім – әжемнің қалауымен қазақ мектебінде оқыдым. Содан кейін 1-ші және 11-ші сынып аралығында қазақша оқыдым. Содан кейін Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай академиясына оқу түсіп, қазақ тобында білім алдым.
Викторияның ұлты – украин. Айтуынша, арғы аталарында орыс пен түріктер болған. Өзі Уәлиханов ауданындағы Ақбұлақ ауылында туып-өскен. Түрлі ұлт өкілі татулықта тұрып жатқан ауылда өскендіктен әдет-ғұрыптарына да тең қарайды. Ұлттардың келісім мен бірлікте болуын ерекше құрмет тұтады. Ал мемлекеттік тілді жақсы білуі әжесінің арқасы деп есептейді.
Виктория Вьюшкина, қалалық ПБ №12 УПП учаскелік полиция инспекторының көмекшісі:
– Бұл мейрам – татулық пен бірліктің күні. Жалпы, Қазақстанда 130-дан астам түрлі ұлт өкілдері татулықта өмір сүруде. Біздің өңірде полицияда 20-ға жуық түрлі ұлттардың өкілдері жұмыс істейді.
Бірлік күні қарсаңында Виктория Олегқызы әріптестерін мерекемен құттықтап, береке-бірлік тіледі.